Шымкентте жеке күзет агенттігінің қызметкері өзін атып жіберді
Шымкентте жеке күзет агенттігінің қызметкері өзін атып жіберді. Оқыс оқиға түнгі сағат 3-те күзет көлігінде болған. «Патруль» деп аталатын күзет агенттігінің қызметкері Шүкіржан Қыдыров травматикалық тапаншаның шүріппесін басып, басынан ауыр жарақат алған.
Автор: Бек Әбиев
10.12.2020
Ес-түссіз ауруханаға жеткізілген азаматты дәрігерлер аман алып қалуға тырысуда. 31 жастағы азамат тірі қалған күннің өзінде мүгедек болып қалуы мүмкін.
Оқыс оқиға түнгі сағат 3-те Шымкент орталығында болды. Банктердің бірін күзетіп тұрған көліктің ішінен атылған қарудың дауысы естілген. Рөлде болған Шүкіржан қолындағы травматикалық тапаншадан жараланыпты. Ал жанында отырған серігі ұйықтап кеткен, сондықтан нақты не болғанын білмейді. Дереу жеткен жедел жәрдем көлігі қансыраған азаматты ауыр хәлде ауруханаға әкетті.
- Өз-өзін атқан ба?
Дәрігерлер 31 жастағы азаматқа бірнеше сағат бойы ота жасаған. Тапаншадан атылған оқ күзетшінің дәл маңдайынан тиіпті. Ақ халаттылар Шүкіржанның тірі қалғанына шүкір деп отыр. Ауыр жарақат алған азамат қазір ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыр.
Бабур Юсупов, нейрохирург:
- Маңдайы мен шекесінен жарақат алған. Бір оқ алынды. Көп қан кеткен. Қан компоненттері құйылды. Ашық жара болғандықтан, бұл кісі енді мүгедек болады.
Шүкіржан Қыдыров өзі үш жыл қызмет еткен «Патруль» күзет агенттігінде де түннен бері маза жоқ. «Ішпейтін, спортқа жақын жігіттің өз-өзіне қол жұмсауына себеп жоқ», - дейді мұндағылар. Екі тәулік демалып, бір күн жұмыс істейтін күзетші жанындағы серігімен таңғы 9-ға дейін банк алдында отыруы керек болған. 200-ге тарта күзетшісі бар агенттік басшылары жаралы қызметкерге жан-жақты жағдай жасауға әзірміз деп отыр.
Алмас Батырбеков, күзет агенттігінің директоры:
- Болжам айта алмай отырмыз. Себебі, ондай қылықты, не болмаса оның мінезін байқамадық. Төбемізден жай түскендей болдық. Материалдық көмек көрсетеміз. Мән-жайды анықтаймыз. Болмаса адаптациялық мекемеде емдетуге қол ұшын береміз. Біз оған дайынбыз. Біз тарапымыздан еш қысым болмаған.
Аталмыш сті тексеріп жатқан полицейлер қылмыстық іс қозғап, өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу бабымен тергеуді бастап кетті. Шүкіржанның травматикалық қаруы да сараптамаға жөнелтілді. Ал бір ажалдан аман қалған азаматтың қашанға дейін ауруханада болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Былтыр ғана отбасын құрған жігітті үйінде ата-анасы мен аяғы ауыр келіншегі күтіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!