{metadescription}
Цементшілер тұрғындары жөнделмеген жылу құбырынан тоңып отыр – Семей
Цементшілер тұрғындары жөнделмеген жылу құбырынан тоңып отыр – Семей

Цементшілер тұрғындары жөнделмеген жылу құбырынан тоңып отыр – Семей

Семейде Цементшілер кентінің тұрғындары жылуға жарымай отыр. Қыстың көзі қырауда пәтерлері қоңыр салқын тартып тұрады екен. Суықта бүрсеңдеген жұрт жергілікті билікті кінәлауда. Өйткені атқамінерлер тозығы жеткен жылу құбырына жөндеу мүлдем жүргізбеген дейді.

Қаз-қатар тізілген көпқабатты алты баспананың тұрғындары жылуға жарымай отыр. Пәтер ішіндегі термометр 14-15 градустан аспайды. Ал сарышұнақ аяз әлек салған сәттерде жұрт не істерін білмей дал. Олар жергілікті биліктен қайыр болмады деп налиды.

Пәтерінде тоңып отырғандардың бірі – Роза Сейітқазина. Зейнеткер баспанасын жылту үшін күні-түні тоқ пешін қолдануға мәжбүр, ал пеш ай сайын қалтаға салмақ салады.  

Роза Сейітқазина, Семей қаласының тұрғыны:

- Мектептен келген баламызды көрпеге орап жылтып аламыз. Тоқ пеш қосамыз. Жарық пен жылуға екі есе ақша төлейміз.

Қалтыраған қараша барлық кінәрат жылу құбырында дейді.  Өйткені жылдап жөндеу көрмеген жүйе әбден тозған. Тіпті жылу қазандығынан келетін даладағы құбырлар да оралмаған.

Мұрат Әжітаев, «Горизонт» ПИК төрағасы:

- Бізде қазір 50 градустан жоғары қарай беріп тұр. Кері қайтару екеуінің арасы 10 градустан аспауы керек. Ол бізде қазір 20 градустан асып кеткен. Сондықтан үй жылымайды.

Қыс қамын жаз ойлаған жұрт «ашпаған есік қалмады» деп наразы. Тіпті жазда да жауапты мамандарға жазбаша хатта жолдаған. Ал олар қаражаттың жоқтығын айтып ақталыпты. Дегенмен атқамінерлер бұл мәселе жақында шешіледі деп сендірді.

Құралай Дүйсенбаева, Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі:

- Жылу құбырларын ауыстыру «Теплокоммунэнерго» мекемесімен бірге тағы қарастырылады. Бұл сұрақ бақылауда. Ал бүгінде жылу берілу сәйкесінше болып отыр.

Атқамінерлер: «Тоңып отырмыз деп шу шығарған тұрғындардың сөзі шындыққа жанаспайды», - дейді. «Тексеріс жүргіздік» деген олар пәтер ішіндегі жылу жеткілікті екенін айтады. Алайда кей баспана иесі қосымша батарея орнатып алған. «Сондықтан жылу бәріне бірдей жетпей қалады», - дейді әкімдіктегілер.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде