Алматыда туда үсіп табылған турист құтқарушыларға өкпелі
Алматы тауында үш күн бұрын жоғалып кеткен турист аман-есен табылды. Бірақ жігітдің жағдайы ауыр. Үш күн аязда қалған Ерман Байменов үсіп қалған. Құтқарушылар оны Күмбелсу шатқалынан шалажансар күйде тапқан.
Автор: Аруна Ортай
14.12.2020
35 жастағы Алматы тұрғыны Титов шыңын бағындыруға сенбіде таңертеңгісін үйінен шығып кеткен. Ал қайтарда тұман басып, жолынан адасқан.
Ерман Байменовтың өзі тауда адасып кеткенін айтып хабар берген. Биіктігі 3800 метрден асатын Титов шыңын бағындырған жігіт қалың тұманнан қайтар жолды таппай қалған. Абырой болғанда таудың бұл бөлігінде ұялы байланыс ұстайды екен. Бірақ телефонының қуаты таусылып, үш тәуліктен бері жігіттің өлі, не тірі екенінен хабар болмады. Ерман үйінен жеңіл киіммен шығып кеткен. Ағасының айдалада адасып кеткені туралы әлеуметтік желідерден естіген туған інісі Байқоңырдан алып ұшып келді.
Бейбіт Рзаев, туысы:
- Сағат 4-5-ке таман кеш батып кеткен. Екі-үш сағатта жол табам деп ойлаған. Сосын кешкі жетіге таман құтқарушыларға хабарласты. Жолды таба алмайтынын білді. Хоббиі, үнемі тауға шығып жүреді, бірақ ылғи жалғыз шығатын.
35 жастағы программист боп істейтін жігіт бұрыннан тауға шыққанды ұнатады екен. Бұған дейін небір биік шыңдарды бағындырған. Інісінің айтуынша, ағасы соңғы рет жексенбі күні сағат таңғы төртте байланысқа шығыпты. Туыстарына смс жолдаған турист құтқарушылардың өзін көріп тұрып, тастап кеткені туралы айтқан.
- Қайдағы музыка? Бір пайыз? Жындымысың? Тап қасымда жүріп маған келгісі келмеді. Таудың арғы бетінде тұрды. Шамдарын жағып таң атқанын күтті.
Бірақ құтқарушылар бұл ақпаратты растаған жоқ. Ал құтқаруға сол күнгі қалың тұман кедергі болыпты.
Нұрбол Тұрсынәлиев, Алматы қалалық ТЖД құтқару тобының бастығы:
- «Ертең келеміз» деп тастап кету деген құтқарушыларда болмайды. Ол мүмкін емес. Менің барғанда жігіттерден ондай хабар алған жоқпын. Көрдім, айғайлап тұр, «музыка қос «деген, бізде ондай хабар болған жоқ.
Қалай дегенмен де сенбіде тауда жоғалып кеткен Ерман Байменов үшінші тәулік дегенде табылды. Құтқарушылардың айтуынша, жігіт аса ауыр халде. Жедел топ оны Күмбелсу шатқалынан қардың арасынан әрең іздеп тапқан. Денесі үсіп кеткен туристі өзен арқылы арнайы техникамен төмен түсірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!