Маңғыстау - Ақтөбе пойызының жүк тиелген вагонында газ баллоны жарылды
Маңғыстау облысында жолаушылар пойызынан шыққан өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бірақ нақты кімнің жауапқа тартылары әзірге белгісіз. Бүгін таңда Маңғыстау-Ақтөбе пойызының жүк тиелген вагонында газ баллоны жарылып, оңбай күйген бес адам Бейнеудегі ауруханада жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.12.2020
Олардың бірі – он бір жасар оқушы. Ал пойыздың өзге жолаушылары діттеген жеріне әлі жетпеген.
Маңғыстаудан Ақтөбеге бет алған жолаушылар пойызындағы жүк вагонының құр қаңқасы қалған. «Қазпоштаға» жұрттың сеніп тапсырған сәлемдемелерінен бастап, ішіне тиелген бар дүние-мүлік күлге айналды. Пойыздың соңына тіркелген вагоннан өрт таңғы төрт шамасында Бейнеу ауданындағы разъезге келгенде шыққан. Құтқарушылар бес литрлік газ баллоны жарылды деп отыр. Вагонда бес адам болыпты. Арасында он бір жасар бала бар. Оның жүк арасында қайдан жүргенін төтеншеліктер білмейді.
Талғат Уәли, ТЖМ ресми өкілі:
- Өрт бес литрлік газ баоллонның жарылуынан болған. Бірден ескертіп айтамыз, жолаушылар пойызында, иә болмаса, жүк тасымалдау вагонында газ баллонын алып жүруге тыйым салынған. Бұл ереже бұзушылыққа жатады. Біз ол жерде баланың қайдан жүргендігін айта алмаймыз, дегенмен ол жерде баланың болғанын растаймыз.
Он бір жасар бала мен вагондағы төрт қызметкердің барлығын күйік шалған. Қазір Бейнеу аудандық ауруханасында жатыр. Зардап шеккендердің екеуі жолсерік, біреуі инкассатор, бірі – «Қазпошта» қызметкері. Жүк вагонының қожайыны пошташының жолға баласын ерте шыққанын растады. Қазір оқушы мен қалған төрт адамды Ақтаудағы ауруханаға санавиациямен жеткізу жоспарланды.
Нұрбол Оқуов, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Ең ауыр – 80 пайыз денесін күйік шалған. Ал ең төменгі – 22 пайыз күйік шалған 1981 жылғы азамат. Енді біреуінің жағдайы өте ауыр. Екеуінің жағдайы ауыр және екі жолаушы жағдайы орташа деп бағаланып отыр. Дәрігерлер науқастардың тездетіп аяққа тұрып кетуі үшін бар қолдан келгенін жасап жатыр.
Өрт шыққанда жолаушылар мінген өзге тоғыз вагонды дер кезінде ағытып үлгеріпті. Егер сәл кешіккенде жалын ол жақты да шарпитын еді.
Маңғыстау-Ақтөбе пойызының адам өміріне қауіпті екенін осыдан екі ай бұрын сондағы жолсеріктер айтқан. Олар өрт қауіпсіздігі сақталмай, жанармайдың вагонда ашық тұратынын жасырмай жайып салған.
Гүлшат Сисенова, жолсерік:
- Кәдімгі дизель отынымен жүреді. Өрт қауіпсіздігі қайда? Ішінде екі сплит жүйесі бар. Сыртында солярка құятыны бар. Сол соляркі осы уақытқа дейін біздің оттықта тұрды. Өрт шықса, жолаушылар бір мезетте жанып кетеді. Небәрі бірер секундта өртеніп кетеді.
Маңғыстау-Ақтөбе пойызындағы жүк вагонының өртенуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Пойызда 192 жолаушы болған. Олар әлі Ақтөбеге жеткен жоқ. Пойыз өрт кезінде тоқтап тұрғандықтан, вокзалға жергілікті уақытпен түнгі сағат 23 шамасында жетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!