Нұралықтар жарықтың азабын 10 жыл тартып келеді – Алматы облысы
Алматы облысындағы Нұра ауылына кейіннен қосылған 100-ден астам үйдің тұрғындары жарықтың азабын он жылдан бері тартып келеді. Электр қуатының аздығынан қараша карантинде бала-шағасын оқыта алмай қиналған.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
15.12.2020
Жиі өшетін жарықтың кесірінен техника атаулы шақ келмейді екен. Жол мен судың жоқтығы да жығылғанға жұдырық болған. «Өркениеттен жұрдаймыз» деген жұрттың жанайқайын тілшіміз көріп қайтты.
Нұра ауылына кейіннен қосылған тұрғындар талап-арызын айтуға тайлы-тұяғымен жиналды. 10 жыл жарыққа жарымаған жұрт «жүйкеміз әбден жұқарды» деп жыларман болды. Базынасын жіпке тізген бұқара: «Электр қуатының жиі өшуінен жаңа сатып алған техника бірінен кейін бірі күйіп бітті», - деп қынжылады.
Азамхан Жеңісхан, Нұра ауылының тұрғыны:
- Сығырайып, қызарып тұрады, жетпейді. 120 вольт деген жоқ мүлдем. Теледидарды, тоңазытқышты көтермейді. Үйдегі заттың бәрі күйіп бітті. Ештеңе қалған жоқ. Бізге үкіметтің жарығын қойып берсін.
Амалы таусылған түрғындар электр бағаналарын ағашпен қойып, өздері тоқ тартқан. Алайда елдімекен сыртындағы жалғыз трансформатордың күші мұндағы 100-ден астам баспанаға жетпейді екен. Сондай-ақ қараша қолдан жасалған бағаналар «өте қауіпті» деп отыр. Өйткені жел тұрып жаңбыр жауса, электр сымы жерге құлап, өрт шығуы әбден мүмкін.
Сығырайған жарықтан онлайн білім алып жатқан оқушылар тіптен қиналып жүр дейді тұрғындар.
Жұлдыз Әділбекова, Нұра ауылының тұрғыны:
- Бетон бағаналар жоқ. Екі жылдан кейін бәрі құлайды. Әр үйге құласа, не болады? Екі баласы, кейбір үйлерде төрт бала оқиды. Ал жарық мүлдем жоқ. Таңертең кешке дейін бәрін істеп аламыз. Кешке сығырайып тұрады. Бізге қиын.
Жол мен судың жоқтығы да жығылғанға жұдырық. «Назардан тыс қалдық» деп шулаған халық елдімекен басшысын іздеп әкімдіктің алдына да келді. Ауылдық округтің әкімі көпшілікті мазалаған түйіткілді мәселелер келесі жылы толығымен шешіледі деп, әдеттегідей уәдені үйіп төкті.
Сейітқұл Донбай, Нұра ауылдық округінің әкімі:
- Мен жазып бердім ауданға. Трансформатор күйіп кетсе, сымдар күйіп кетсе, мен оны төлей алмаймын. Сол себепті, электр желісіне өткізуім керек, тезірек, Қапшағайға. Құжаттың тең жартысын өткіздік. Қазір 30 үйдей қалды. Содан кейін электр желісінің балансында болады. Ол оңайырақ болады.
Әкім су құбырлары тартылып қойғандықтан, көктемде жұрт тіршілік нәріне қарық болады деп сендірді. Ал үйлер көбейген соң жол салу жоспарланған. Сондықтан тұрғындардың соған дейін шыдам танытуына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!