Екі ай жалақы алмаған жүргізушілер жұртты жаяу қалдырды – Семей
Бүгін Семей тұрғындары жаяу қалды. Өйткені екі ай бойы еңбекақы алмаған қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлар жұмысқа шығудан жаппай бас тартқан. Автобус паркінің алдына жиналған олар айлығын дереу төлеп беруді талап етті.
Автор: Ұлан Нұрахмет
15.12.2020
Таңсәріде болған наразылықтан тұрғындар діттеген жеріне жете алмай әлекке түсті. Ал осыны пайдаланған такси жүргізушілері бағаны аспандатып жіберген.
Семейдегі аялдамаларда бүгін ине шаншар орын жоқ. Таң атпастан жұмысқа, ауруханаға немесе үйіне асыққан жолаушылар қоғамдық көлікті ұзақ күтті. Ал асыққандары такси жалдауға мәжбүр болды. Алайда қоғамдық көліктің жүрмейтінін естіген таксишілер бірден бағаны қымбататтып жіберген.
Гүлбарам Мұхаметқалиева, Семей қаласының тұрғыны:
- Неге жүргізушілерді осындай жағдайға жеткізген? Қара халықты кім ойлайды? Мен сағат 9-дан кете шыққанмын. Восточныйға әлі жете алмай тұрмын. Бағаны көтеріп жатыр. Такси екі мыңнан. Сұмдық қой мынау!
Ал әдетте жолаушыға лық толы болатын қоғамдық көліктер бүгін автобус паркінде қаңтарылып тұр. Өйткені жүргізушілер мен кондукторлар «екі ай бойы жалақы алмадық» - дейді. Ары қарай да тегін жұмыс істеуден бас тартқандар жұмысқа шығуға үзілді-кесілді қарсы.
- Біз ештеңе сұрамаймыз. Тек жалақы. 5-нен бастап түсіріп берсе, ешқайсымыз шуламаймыз.
«Мереке қарсаңында ақшасыз қалдық» деп шулағандар парк басшысынан айлық беруді талап етті. Осыдан кейін жүргізушілердің жанайқайы шаһар басшысына дейін жеткен. Айлығын даулағандарды сабырға шақырған Ермак Сәлімов екі ай көрмеген жалақыны екі сағаттың ішінде төлетіп беруге уәде берді.
Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:
- Мен сендерден өтініп сұраймын. Қазір екі сағаттан кейін жалақыларың түседі. Барлығын төлеп береміз. Бір күнге шыдай аласыздар ғой.
Ал жалақының созылып, сиырқұйымшақтануы компаниядағы келеңсіздіктен болған. Бірақ ол қандай мәселе екені нақты айтылмады. Әйтсе де наразылықтан кейін еңбекақы дауына нүкте қойылды. Қазір қоғамдық көліктер өз бағытында толық жүрді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!