Министр тауда үсіп өлген туриске қатысты мәлімдеме жасады
Алматыда тауда табылған турист бақилық болды. Ерман Байменов қайтар жолда адасып, үш күн бойы аязда қалып қойған. Оңбай үсіген оны құтқарушылар шатқалдардың арасынан бес сағат бойы көтеріп алып шыққан еді.
Автор: Аруна Ортай
15.12.2020
Сенбі күні жоғалған турист кеше күндіз сағат үште табылды. Құтқарушылар оны шатқалдардың арасында шалажансар күйде тапқан. Айтуларынша, жігіттің денесі түгел үсіп кеткенімен, жүрегі соғып тұрған. Арнайы топ оған дереу жылы киім кигізіп жылытуға тырысқан. Сөйтіп сағат бесте төмен түсірді. «Құтқару жұмысын құлама жартастар қиындатты», - дейді Төтенше жағдайлар министрі. Атап айтқанда, бір шақырым шатқалдан жоғары көтеріп, содан тағы үш шақырымдай жаяу жүруге тура келіпті. Бірақ таудың етегіне жете бергенде жігіт жүріп кеткен. Бұған дейін марқұмның інісі «ағамды тауда тастап кетті» деп құтқарушыларға шүйліккен болатын. Тіпті оның жанайқайы жазылған аудиожазбамен бөліскен еді. Алайда Юрий Ильин бұны теріске шығарды.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Екі күн бойы тікұшақ ұшырмақ болдық. Бірақ «Қазаэронавигация» әуеге көтерілуге рұқсат бермеді. Себебі, ол күндері бұлтты, аяз, әрі тұман болды. Құтқару бір сәтке де тоқтаған жоқ. Құтқарушылар қолдан келген көмекті көрсетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!