Алматы облысында жүздеген бала зарыға күткен оңалту орталығы ашылды
Алматы облысында балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Онда церебралдық сал ауруына шалдыққан жеткіншектер ем қабылдай алады. Бір сәтте 200-ге жуық клиентке қызмет көрсететін орталықта барлық жағдай жасалған. «Қамқорлық» жобасы аясында қолға алынған игі істі Нұрсұлтан Назарбаев қоры жүзеге асырып отыр.
Автор: Мақсат Мәлік
16.12.2020
Ұзынағаштағы жап-жаңа оңалту орталығына әкелінген кішкентай Әкежан түрлі жаттығу жасап жатыр. Үнемі дәрігерлердің бақылауындағы бала туа бітті сал аурына шалдыққан. Жүріп-тұруы қиын балаға оңалту курсы әр кез ауадай қажет. Анасының айтуынша, бұған дейін перзентін арқалап еліміздің түпкір-түпкірін аралауға тура келген. «Іргемізден жаңа орталық ашылғанда төбеміз көкке жеткендей күй кештік», - дейді қуанған ана.
Жанат Айтхан:
- Өйткені біздің ауданымызда мұндай орталық жоқ болған, баламызды оңалту үшін басқа қалаларға баруға мәжбүр болғанбыз. Қуаныштымыз! Жақсы құралдар бар. Енді оңалту орталығынан үздіксіз ем алуға тырысамыз. Баламыз осы жерде алғаш қадамын жасайды деп ойлаймын. Соған сенеміз!
Тұсауы кесілген «Қамқорлық» оңалту орталығына бас сұққан аналар жүздеген баланың үмітін үкілеген жобаға дән риза. Мұнда заманауи үлгідегі барлық құрылғы орнатылған. Соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған орталықта мұқтаж балалар тірек-қимыл аппаратының көмегіне жүгініп, массаж кабинетінде ем қабылдайды. Игі шараға «Самұрық-Қазына» қорынан 148 миллион теңге бөлінген. Тіпті балаларға көмек қолын созатын мамандар арнайы дайындықтан өткен.
Дамир Сұраужанов, Жамбыл аудандық орталық ауруханасының директоры:
- 27 қызметкеріміз Нұр-Сұлтан қаласында арнайы дайындықтан өтті. Ауданымызда сал ауруымен ауыратын балаларға арналған осындай орталықтың ашылғанына қуаныштымыз. Бізде қазір бұл дертке шалдыққан 245 бала бар. Енді олар Алматы, Нұр-Сұлтан қаласына немесе Қырғызстанға сабылып жүрмейді. Керекті көмектің бәрін осы жерде көрсете аламыз.
Аудандағы жаңа орталық Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен «Қамқорлық» жобасы аясында ашылған. Бұл жерде жылына 600 баланы қабылдауға жоспар жасалған. Енді Алматы облысындағы сал ауруына шалдыққан балалар осы жердің шапағатын көрмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!