Коронавирустан көз жұмған тәртіп сақшыларының отбасына марапат табысталды – Ақтөбе
Ақтөбеде кезекшілік кезінде кесел жұқтырып көз жұмған тәртіп сақшыларына арналған марапат отбасыларына табысталды. Жазда коронавирустан Хромтаудың полиция бөлімінің басшысы мен учаскелік инспекторы қайтыс болған еді.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.12.2020
Тәуелсіздік күні қарсаңында полиция департаментінің бастығы марқұмдардың шаңырағына барды. Хромтаулық әріптесі Мұрат Бектаев шілдеде жұмыс орнында ауырып, есінен танып қалған. Тексеру кезінде оның коронавирус пневмониясына шалдыққаны белгілі болды. Дерті асқынған полиция бөлімі басшысының беті бері қарамады. Марқұмға тағайындалған «Ерлігі үшін» медалі ұлы мен жұбайына табысталды.
Учаскелік инспектор Айбат Әбиевтің артында да жары мен үш баласы қалды. Ол төтенше жағдай кезінде күн-түн демей кезекшілікте болған. Марқұм «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталып, оны басшысы отбасына апарып берді. «Мұндай мемлекеттік награда өмірден өткен жақындарының орнын толтырмаса да, көңілге жұбаныш», - дейді қаралы отбасы.
Еңгілік Әбиев, А. Әбиевтің ағасы:
- Бұл індет небір азаматты жалмап алып кетті. Соның ішінде біздің Айбатымыз да тепсе темір үзетін жігіттердің бірі еді. Бұл дүниеден өтіп кетсе де артынан келіп, елеп, осылай медалін сыйлап жатырсыңдар. Көп-көп рақмет!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!