Балкондағы байрақтар – ешкім қабақ шытпады
Бүгін бірнеше облыстағы көпқабатты тұрғын үйлер көк тумен көмкерілді. Бұған дейін тек мемлекеттік мекемелерде ғана желбірейтін жалау енді балконға да іліне бастаған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
16.12.2020
Әсіресе Нұр-Сұлтан, Шымкент, Көкшетау қаласының тұрғындары Тәуелсіздік күнінде Отанға деген сезімін осылай білдіруде. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген балалар байрақтың балконда желбіреп тұрғанына таң-тамаша.
- Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы
Ерліктің дастаны
Еліме қарашы!
Көкшетаулық Айдос Қожахметов те көпшілікпен бірге балконында көк ту желбіреткенін мақтаныш көреді. Бар дауысымен әнұранды жалғыз өзі орындап тұрғанына да қымсынбады. Бүгін Айдостан басқа да көкшетаулықтар көк байрақты барынша биік жерге іліп қоюға тырысты. Соның бірі – Мұрат Исмағанбетов. Ол да мемлекеттік рәмізді насихаттау нағыз нағыз патриоттарды тәрбиелеуге сеп болады дейді.
Мұрат Исмағанбетов, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Енді әрбір Қазақстан азаматы үйінің шатырына, балконына еліміздің көк туын іліп қоя алады. Біз де бүгін Көкшетаудағы он екі қабатты үйіміздің шатырына ту желбіретіп іліп қойдық. Қандай мақтаныш! Бұл деген нағыз патриоттық сезімді оятатын іс емес пе?
Елордамызда да бас мерекенің құрметіне көк туды терезеден желбіреткендер жетерлік. Мемлекеттік туды балконға ілуге тыйым салынған қаулының күші жойылған соң, отаншыл, мемлекетшілдігін көрсеткісі келген тұрғындардың көңіл күйін қала көшесінен байқайсың. Әсіресе Республика даңғылының бойындағы көпқабатты үйлерді көк байрақпен орап қойғандай.
Шымкенттіктер де көппен бірге көк байрағын дәріптеуден қалар емес. Әсіресе жастар көпқабатты тұрғын үйдің балконына 100-ден аса туды іліп шыққан.
Айдар Ілескен, Шымкент қалалық жастар ресурсы орталығының бөлім басшысы:
- 103 ту ілінді, 30-ға жуық ерікті қатысты. Өз еркімен келіп, ат салысайық деп сұранып бастама көтерді. Бізге бұл Павлодар өңірінен келген челленж – менің туым, менің Отаным. Осы челленжді қазақ жастарына бөліп-жармай, барлығына жолдадық.
«Осы ісімізді көрген кәрі-жастың отаншылдық сезімі оянып, рухы жігерленсе екен дейміз», - дейді олар. Бір қуаныштысы, қай пәтердің есігін қақса да, шымкенттіктердің бірі де қабақ шытпаған. Көк тудың әр үйдің қабырғасында желбіреп тұрғаны оларға да ұнайды екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!