Тақырбас Тәуекелді «Папа поневоле» фильмінен көріңіз
Жаңа жылдық шашу. Бүгін ғажайыпқа толы «Папа поневоле» фильмі көрерменге жол тартты. Отбасылық комедияда жаңа жылға санаулы сағат қалғанда болған тосын оқиға баяндалады. Еріксіз екі баланың әкесі атанған кейіпкерді белгілі актер Тәуекел Мүсілім сомдаған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
17.12.2020
«Папа поневоле» фильмінде 31 желтоқсан күні болған оқиға көрініс тапқан. Өз жанұясы жоқ ұры полицейлерден қашып, ойламаған жерден өзгенің пәтеріне тап болады. Ал сол үйдің балалары санаулы сәт бұрын әкелі болсақ деп тілеген. Продюсер Тимур Бақтыбаев туындының көрерменге берері мол дейді.
Тимур Бақтыбаев, фильм продюсері:
- Фильм арқылы әке-шешенің қадірін көрсетеміз. Балаға деген тәрбиелік мәні бар. Отбасылық құндылықты көрсететін фильм.
Фильм режиссері Олжас Ыбыраев, ал елең еткізер сценарийді Данияр Күмісбаев жазған. Туынды Алматы қаласында небәрі екі аптада түсіріліпті. Картинада басты рөлдердің бірін 10 жасар актер Айбар Таңғыт сомдады. Ол осыған дейін 100-ден аса фильмге түсіп үлгерген.
Айбар Таңғыт, актер:
- Мені Тимур аға шақырды, Тимур Бақтыбаев аға. «Түс осы фильмге» деді, түстім. Және құрбы қызым Әлимамды шақырғам.
Ал Әлима Дүйсен – дебютант. Десе де ол камерадан қорықпай, өзінің рөлін ойдағыдай ойнап шықты дейді шығармашылық ұжым. Бұған қоса жаңажылдық комедиядан Жанель Мақажан, Олжас Әлжанов сынды танымал актерлерді көреміз. Ал еріксіз әке атанған ұры – Тәуекел Мүсілім.
Тәуекел Мүсілім, актер:
- Түсірілім алдында шашымызды алып тастадық. Оның үстіне мен кішкентай кезімде басым жарылып жарақат алғанмын. Соның ізі бар. Соны көріп: «О, күшті келеді, қанеки, қырып тастайық, бандит секілдісің», - деді.
Фильм көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлайды. Бірде күлдірсе, бірде көзге жас үйіреді.
«Папа поневоле» фильмін тамашалауға кинотеатрға асығыңыз.
Отбасылық комедия бүгіннен бастап үлкен экранға шықты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!