{metadescription}
Әлемдегі эпидахуал. ДДСҰ науқастардың сәт сайын өсуіне алаңдап отыр
Әлемдегі эпидахуал. ДДСҰ науқастардың сәт сайын өсуіне алаңдап отыр

Әлемдегі эпидахуал. ДДСҰ науқастардың сәт сайын өсуіне алаңдап отыр

Әлем елдері Жаңа жыл мен Рождество мерекесі қарсаңында шектеу шараларын күшейтіп жатыр. Әсіресе Кәрі құрлықта карантиннің жаңа талаптары енгізілуде. АҚШ билігі де жұрттың мерекелік отырыстардан бас тартқаны абзал деген пікірде.

Америкада науқастардың жалпы саны 17 милиионға жуықтады. ТМД елдерінде індет жұқтырғандар күрт артқан.

Еуропа елдері де Рождество мен Жаңа жыл мерекесінен кейін эпидахуал ушықпас үшін жаңа шектеулер енгізуге мәжбүр. Өйткені Кәрі құрлықта ауруханалар науқасқа лық толған.

Германияда коронавирустың құрығына іліккендер күрт көбейіп, рекордтық көрсеткішке жетті. Соңғы тәулікте аталмыш мемлекетте 27 мың адам вирус жұқтырса, 952 жан ауруды жеңе алмай көз жұмған. Эпидахуал ушыққан соң жергілікті билік шектеу шарасын күшейтіп жатыр. Аталмыш елде науқас саны 1 миллион 300 мыңнан асып жығылды.

Ұлыбритания вакциналауға қызу кірісіп кетті. Біріккен корольдікте 137 мың адам індетке қарсы екпе салдырып үлгерген. Соған қарамастан кесел жабысқан жандардың саны азаяр емес. Бұл елде ауруға шалдыққандар 2 миллионға жуықтаса, вирус құрбандары 64 мыңнан асты. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон жаңа жыл қарсаңында тұрғындарды санитарлық талапқа бейжай қарамауға шақырады.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Мен Жаңа Жыл мерекесінде халықты сақ болуға шақырамын. Шағын отырыс ұйымдастырып, көп адам жинамаған абзал. Бес күндік демалыста асыр салып думандатпауға тырысыңыздар. Елде ауру асқынып кетпеу үшін әр адам өз үлесін қосу қажет.

АҚШ-та эпидахуал мәз емес. Карантин тәртібін күшейткеніне қарамастан, Америкада ковидпен ауырғандар саны 17 миллионнан асып жығылды. Әлем бойынша сүреңсіз статистикада көш бастаған аталмыш мемлекетте осы күнге дейін аурудан 307 мыңнан аса адам ажал құшыпты.

Словакия билігі тұрғындарға 19-желтоқсаннан бастап үйден себепсіз шығуға тыйым салды. Тұрғындар тек медицина мекемесіне, дәріханаға, азық-түлік дүкеніне және туысына бара алады. Мейрамханалар тамақты тек терезеден беруге міндеттелсе, спорт жарыстары көрерменсіз өткізіледі.

Чехия тұрғындары Рождество мерекесі алдында коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тесттен жаппай өте бастады. Бұл сынаманы тапсыру тегін әрі ерікті түрде. Чехия үкіметі күніне 60 мың тест жасауды жоспарлап отыр. Қазір бұл елде 170-тен астам тест тапсыру орындары жұмыс істеп тұр.

Нидерландта індеттің өршуіне байланысты қатаң карантин енгізілді. Жаңа тәртіпке сай, мектептер жабылып, сауда орталықтары, кинотеатр, мұражайлар мен спортзалдар жұмысын тоқтатты. Сондай-ақ жергілікті билік тұрғындарды екі адамнан артық жиналмауға шақырды. Бұл мемлекетте пандемия басталғалы коронавирусты 628 мың адам жұқтырған. Дерттен 10 мыңнан аса науқас қайтыс болды.

Ресейде де ауру асқынып барады. Соңғы тәуліктің өзінде көрші елде науқас саны 28 мыңнан асқан. Пандемия басталғалы көрші елде 2 млн 760 мың адамға кесел жабысыпты. Қанынан Covid-19 инфекциясы табылып жатқандардың көбісі Мәскеу мен Санкт-Петербург тұрғындары.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы науқастардың сәт сайын өсуіне алаңдап отыр. Сондықтан мамандар жұртты аурудан әрдайым сақтанып жүруге шақырады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде