Карантин кезінде қай жақта демалған дұрыс?
Бұл демалыс бұрынғыдан өзгерек. Әдеттежаңа жыл қарсаңында шетелге сабылатын қазақстандықтар қатары биыл айтарлықтай кеміген. Туристік агенттіктер пандемия кесірінен жолдама алушылардың азайғанына шағымданады. Дегенмен вирус қаупіне қарамай шекара асуға бел буғандар да жетерлік. Карантин кезінде қай жақта демалған дұрыс?
Автор: Асқарбек Қазанғап
17.12.2020
Алматылық Шерхан Тайлақов карантинде жағаны жайлауға жіберуге болмайды дегендердің санатынан. Шетелге демалуға сабылғандар елге вирус әкелуі мүмкін, сондықтан саулық – сақтықта дейді ол.
Шерхан Тайлақов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Сау деніңмен басқа жерден ауруды алып келіп, онымен қоса өзіңнің туған- туысыңды жалмап алып кетуің мүмкін. Біз көріп отырмыз, бір адамның алып келген вирус қаншама адамның өміріне балта шауып жатыр. Сондықтан мен еліміздің ішінде, ішінара саяхаттаған дұрыс деп санаймын.
Дегенмен шектеуден шайлықпағандар шекара асып жатыр. Туристік агенттіктер әсіресе Біріккен араб әмірліктері мен Мысырға сұраныс көбін алға тартады. Қазір ашық тұрған бағыт та солар. Бірақ былтырғымен салыстырғанда сұраныс 70 пайызға төмендеген.
Саида Сәулебаева, туристік агенттік өкілі:
- Осылай жұмыс істеуден басқа амал жоқ. Турды осыған дейін саттық, сата береміз. Клиенттер қауіп барын біледі. Бірақ «жұғатын вирус өзімізде де жұғады ғой» деген желеумен жолдаманы ойланбай алатындар бар. Дегенмен карантин кезінде ішкі туризмге сұраныс артты.
Әсіресе жаңа жылды шекараның ар жағында қарсы алғысы келетіндер көп. Кейбірі тіпті қазірден шетелге ұшып кеткен. Олар елдегі баға өзге елмен теңесетіндіктен, қауіптен қорықпай демалған дұрыс дегенді құп көреді. Солардың бірі – Мысырда демалысын бастаған Оксана Мун.
Оксана Мун:
- Барлық туристерді тестпен тексереді. Барған жерде тест тапсырсаңыз болады. Ірі супермаркеттер бетперде тағуын талап етеді. Жаңажылдық мейрамды тойлауға билік мұнда тыйым салды.
Енді шетелден еләне оралғандарға талап қатаң. Тест қорытындысы қолында болуы тиіс. Күні кеше Қазақстанға 14 елден ұшақ келіп қонды. 1472 жолаушының 311-де тест нәтижесі болмаған. Арасында вирус жұқтырғаны да бар. Сондықтан өзгеден бұрын өзіңнің денсаулығыңа сақтықпен қарау – жазылмаған заңдылық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!