Жаңа жыл қарсаңында карантин шектеуі күшейтіледі
Мерекеде босаңсуға болмайды. Жаңа жыл қарсаңында карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі. Коронавирустың одан әрі таралуына жол бермеуді көздеген комиссия осындай қадамға барып отыр.
Автор: Мақсат Мәлік
21.12.2020
Күйшейтілген шектеу шаралары 25-желтоқсаннан бастап қаңтар айының 5-не дейін созылады. Өйткені елдегі эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітпей тұр. Оған қоса қаңтар және ақпан айында әдеттегідей ЖРВИ жұқтырғандардың санын арттырып жіберуі де мүмкін. Сол себепті шектеу шаралары күшейтілгенде ойын-сауық, спорттық және өзге де бұқаралық іс-шара өткізуге болмайды. Мереке алдында ұйымдастырылатын жаңажылдық таңертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерге тыйым салынады. Алайда бизнес нысандарын қолдау мақсатында санитарлық талаптың сақталуын қадағалайтын бақылау топтарының жұмысына өзгеріс енгізілді.
Бұдан былай мониторингтік топтар тек 5 талаптың сақталуын тексере алады:
- Белгіленген жұмыс режимін;
- Адам көп жиналатын іс-шара өткізбеу;
- Әлеуметтік қашықтық сақтау;
- Бетперде тағу;
- Келушілер санының межеден аспауын қадағалау.
Әкімдіктер тексеруге шығар алдында топ құрамын өз сайтында жариялауға, сондай-ақ тексерушілер қызметтік куәлігін көрсетуге міндеттеледі.
Шыңғыс Темір, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:
- Кәсіпкерлер тарапынан көптеген шағым түсе бастады. Себебі, тексеру жүйесіз, түсініксіз жүргізіледі. Тіпті нысанға келетіндердің кейбірін мониторингтік топқа қатысы бар-жоғын білмейміз. Бұл бизнесті тұқыртып, қыспаққа алатыны айтпаса да түсінікті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!