Асхат Аймағамбетов: Сатып алатын марапат – марапат емес
Қазақстанда мұғалімдерге берілетін жалған марапат көбейген. Ең сорақысы, жез темірден жасалған медальдарды ұстаздар қауымы керек кезде оңай сатып ала береді екен. Білім министрлігі мұғалімдерден арзанқол мадақ-марапаттардан ада болуды талап етпек.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
22.12.2020
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Сатып алатын марапат – марапат емес. Біз, әрине, түсінеміз. Кей уақытта да қоғамдық түрлі марапат болады. Бірақ олар ақылы болмауы керек. Қоғамдық марапат ақылы болатын болса оның еш қасиеті, құны жоқ. Біз мұндай мәселені түсіндіруіміз керек. Кейбір әріптестеріміз түсінбей, осындай нәрсеге барып жатыр.
Белгісіз ұйымдардың белгісіз төрағалары қол қойып беретін марапаттар қатарында «Жыл мұғалімі», «Ұлт ұстазы», «Ыбырай Алтынсарин атындағы» және басқа да әр түрлі төсбелгілер бар. Бұлардың барлығының дизайны да, аты да білім министрлігінде бекітілген атақ-даңққа қатты ұқсайды. Сондықтан шенеуніктер темір-терсектен жасалған жалған медальдар мен бір жапырақ алғыс хатты сатуды, ресми түрде оны беруді қатаң бақылауға алмақ. Құны көк тиын марапаттармен қоса, елімізде оқушылар арасында өтетін ақылы олимпиадалар, байқауларға тыйым салынады. Аймағамбетов мұндай білім жарыстары «тегін» болу керек деген пікірде.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Барлық мектептерде өтетін ақылы конкурстар, ақылы олимпиадалар, жарыстар ақысыз болу керек. Ол түсінікті шығар?! Әрине, мұндай конкурстар мектептерде көп болуы керек, оны біз көбейтеміз. Егер де балалардың ата-аналары өзі қалап, үйінде болып, шешім қабылдап, әртүрлі ақылы немесе ақысыз болсын, қатысатын болса, біз ештеңе дей алмаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!