{metadescription}
Тегін кілем таратамын деп, басы бәлеге қалды – Шымкент
Тегін кілем таратамын деп, басы бәлеге қалды – Шымкент

Тегін кілем таратамын деп, басы бәлеге қалды – Шымкент

Кілемге әркімнің-ақ бар таласы. Шымкентте тегін кілем таратпақшы болғандардың басы бәлеге қалды. «Дүкенге келушілерге 500 кілемді сыйға тартамыз» деп жарнама жасаған. Саудагерлер Шымкенттен ғана емес, Түркістан облысының түкпір-түкпірінен түннен бастап жиналған.

Таңертең жұрт лап қойған кезде жарнама жасағандар атағанын бермек түгілі, дүкенді бекітіп, өздері полицейлердің артына тығылып әзер құтылды. Себебі, кілем алуға келгендер тым көп болған. Ал мыңға жуық адамды тыныштандыруға полицейлер мен Шымкенттің шенеуніктері жетті.

- Шымкент қаласында дүкеннің ашылу құрметіне барлық келушілерге тегін кілем сыйлаймыз!

Бірер күн бұрын әлеуметтік желіде тараған осы жарнамадан соң, жұрт кілем орталығына ағылған. Тегін дүниеден дәмелілер Шымкенттен ғана емес, Сарыағаш, Кентау мен Түркістаннан жетіпті. Алғашқылары түнгі сағат 2-де келсе, таңғы сағат 8-ге қарай келушілер саны мыңнан асып жығылған. Алайда жиналғандардың санынан шошынған орталық ашылудан бас тартты.

Келушілер саны тым көбейіп, дүкеннің алдындағы кең алаңда ине шаншар орын қалмаған. Артынан келушілерді полицейлер темір тордың артында әзер ұстап тұр. Ашуға булыққандар уәде етілген сыйды алмайынша, кетпеуге бекінген. Балаларын жетектеп, сәбиін көтергендер де жүр. «Мұқтаж жанбыз» дегендер кеше келгенде дүкендегілердің міндетті түрде «ертең аласыз» деген сөзіне сеніпті.

Анаркүл Төреханова, Шымкент қаласының тұрғыны:

- «Ертең, бірінші кезек сіздерге» деді. «Көпбалалы, мұқтаж жандарға, зейнеткерлерге, бірінші кезек сіздерге» деді. Ал енді, міне, келдік, әлі жоқ.

Жұмагүл Тұрғынова, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Әкімдікте тізімі бар, халықтың жағдайы төмен, халықтың тізімі бар. Әкімшілікпен сол тізімді алып бір ауыз ақылдасу керек еді. Үй аралап тарату керек еді. Олардікі мүлдем дұрыс емес. Заң деген бар ма? Мың адамды алдауға оның қандай қақысы бар?! Оған кім заңмен рұқсат берді, өтірік айтуға?! Халықты соншама алдауға?!  

Жұрттың алдына шыққан әкімдер де, полицейлер мен дүкен басшылары да елді тыныштандыра алмады. Қарағандыдан келіп, Шымкентте дүкен ашпақ болғандар үш күндік акция ұйымдастырғысы келіпті. «Бірақ елдің мұнша дүрлігетінін тіпті ойламаппыз», - дейді.

Расул Жебиев, кілем дүкенінің директоры:

- Мұндай акцияны бұған дейін Қарағанды мен Нұр-Сұлтанда да өткізгенбіз. Бірақ мұндай дүрбелең болған жоқ. Бүгін 500 кілем таратамыз деп едік. Бірақ адамдар тым көбейіп кеткен соң, санитарлық талап бұзылды да, жоспарымыз жүзеге аспай қалды.

«Көтере алмайтын шоқпарды белімізге байлаппыз» деген кілем сатушылар енді уәде еткен кілемдерді жаңа жылға дейін 500 отбасына үйді-үйді аралап жүріп таратамыз деп уәде берді.

Жарнама жасаймыз деп басы дауға қалған дүкен бүгін жабық. Ал «сөзінде тұрмады» деген дүкенге шабуыл жасамасын деп әзірге полицейлер күзетіп жүр. Кілемді тегін таратамыз деп, ақырында ентелеген шымкенттіктердің екпініне шыдай алмаған дүкен басшылары санитарлық талаптарды бұзғаны үшін енді мемлекетке 700 мың теңге айыппұл төлейтін болды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

23 қараша

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде