«Алматыэлектротранс»: Жауапсыз жүргізушілерге жаза қолдануды тоқтатпаймыз
Алматыда троллейбус жүргізушілері наразылық білдірді. Айтуларынша, басшылық ілік іздеп, негізсіз жазалайды екен. «Алматыэлектронтранс» мамандары тәртіп бұздыңдар деген желеумен қоғамдық көлік тізгіндейтіндерді жұмыстан уақытша шеттетіп, қосымша ақыны да бермеуді шығарыпты.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
24.12.2020
Алайда жолаушылар тасымалына жауапты серіктестік өкілдері ережені елемейтін жүргізушілердің өзін кінәлады.
Троллейбус тізгіндеуге келген жүргізушілер бүгін жұмысқа шыққан жоқ. Өйткені жауапты компания жаза ретінде үйіне қайтарыпты. Ал оған көнбегендері автопарк алдына жиналып, басшылықтың қолданған шарасы қисынсыз деп шыр-пыр болды.
Кристина Заречнева, троллейбус жүргізушісі:
- Мені бүгін жұмысқа шығармады. Олардың айтуынша, жолаушы менің үстімнен арыз жазыпты. «Сіз өте дөрекі сөйлесесіз» - дейді. Бірақ ешқандай дәлел-дәйегі, видеосы жоқ. Қисынсыз жаза қолданып отыр. Біз сағатпен жұмыс істейміз. Енді айлығым да қысқарады. Бұл деген басыну ғой. Жұмысымыз онсыз да өте ауыр.
Таңнан қара кешке дейін қоғамдық көлік жүргізетіндер «еңбегіміз еленбейді» деп қынжылады. Арлы-берлі жолаушы таситындардың дені әйелдер екен. Олар басшылық зіркілдеп, дөрекілік танытатынын айтады. Үстемақыдан да жиі қағыламыз деп қапалы.
Сәния Ысмайылов, троллейбус жүргізушісі:
- Маған үстемақыны бермей қойды. Жолаушыдан ақша алып, билет бермедің дейді. Адамның өзі билет алмай кетсе не істеймін? Сосын маған рөлде отырып телефон ұстадың деп тағы жазалады. Бізді адам құрлы көрмейді.
Алайда «Алматыэлектротранс» серіктестігінің мамандары ережені елемейтін жүргізушілердің өздері кінәлі деп отыр.
Рустам Исаев, «Алматыэлектротранс» ЖШС жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының маманы:
- Үстемақыны біз жол ақысынан түскен ақшадан береміз. Яғни жолашылар тасымалдауға арналған ережені бұзбаған жүргізушілерге 50-70 мың теңге көлемінде үлестіреміз. Ал ережені елемейтіндерге ештеңе бермейміз. Себебі, адамдарға қауіп төндірдірген жүргізушілер қосымша ақыға лайық емес. Оларға тиісті шара қолдануға біздің толық құқымыз бар.
Алматыда 200-ден астам троллейбус жүргізушісі бар. Жауапты компания тізгінде отырып телефонға телміретін жүргізушілер соңғы уақытта көбейгенін алға тартады. Оған қоса қолма-қол төлемге үйренгендер билет бермеуді де әдетке айналдырған көрінеді. Сондықтан «Алматыэлектротранс» серіктестігі жолаушылардың өміріне қауіп төндіретін жауапсыз жүргізушілерге жаза қолдануды тоқтатпаймыз деп ашығын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!