Unnity corporation 3 мыңға жуық адамды алдаған
Ақтөбеде қалалық сот ғимаратының алдында салымшылар наразылық шарасын ұйымдастырды. Олар Unnity corporation пирамидасын құрған адамдарды жазалап, сеніп құйған ақшасын қайтарып беруді сұрайды. 40 мыңнан астам адамды сан соқтырған ұйымның қылмысы төрт жыл бұрын әшкере болған еді.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.12.2020
Осыған дейін тек басшысы ғана сотталды. Енді оған қатысты тағы іс қозғалып, 9 сыбайласы да жауап беріп жатыр. Бірақ салымшылар соттың тым ұзаққа созылғанына өкпелі.
Ақтөбедегі қалалық сот ғимаратының алдына Unnity corporation қаржылық пирамидасының құрығына түскендер жиналды. Алданғандар ақ қағазға жазылған ұранын арқалап, ақшасын қайтаруды талап етіп жүр. 30 жастағы Қуаныш Жақсыбаев елде жоқ мобильді қосымша ойлап таптым деп, 40 мың адамнан ақша жинап алған. Оның алаяқтығы сотта дәлелденді. Бірақ салымшылар сол күйі ақшасын қайтара алмай жүр.
Гүлзат Оразалина, салымшы:
- Біз, міне, қара халық, осыған дейін алданып ақша салып, 350 мың теңгемді салддым. Әлі күнге дейін жүрміз. Қазір төрт жылға таяп қалды. Әлі ешқандай хабар жоқ.
Қарагөз Арғынбаева, салымшы:
- Кезінде жалаң аяқ жүрген адамдар бастап алады да, халықтан ақша жинап, енді алаяқтық жасағанын мойындамай отыр. Таза пирамида! Халықты алдады ма, енді ақшамызды қайтарсын!
Екі жыл бұрын қаржы пирамидасын құрған Қуаныш Жақсыбаев алты жарым жылға түрмеге қамалған. Енді қаржылық ұйымды жалғыз өзі емес, тоғыз сыбайласымен топтасып құрғаны үшін тағы жауап беріп жатыр. Бұрын ақшасын даулап тек 600 адам арызданған болса, қазір шағымданушылар саны 3 мыңға жетіп қалды.
Гүлайна Нұржанова, Ақтөбе қалалық №2 сотының баспасөз хатшысы:
- Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен сотқа берілген Жақсыбаевқа, Жұмабаевқа және тағы басқа сотталушыларға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Қылмыстық іс бойынша 2840 азамат жәбірленуші деп танылған. Сот тергеуі әлі жалғасуда.
Қаржы пирамидасының басшысынан бөлек, сотталып жатқан тоғыз адамның алтауы – әйел. Бәрі бірдей Ақтөбе қаласының тұрғыны емес. Сотталушылар Павлодар, Алматы, Талғар, Семей қалаларының тұрғындаары. Олар өз қаласында тұрғындарды алдап, ақша салуға шақырған. Енді оларға қатысты соттың қашан аяқталары әзірге бегісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!