Жоғарғы сыныптар дәстүрлі оқу үлгісіне неге ауыстырылады?
«Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу үшін керек». Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үшінші тоқсаннан бастап бірқатар жоғарғы сыныптың неге дәстүрлі оқу үлгісіне ауысатынын осылай түсіндірді.
Автор: Ербол Тұрымбет
24.12.2020
Ол негізінен 9 және 11-сыныптар. Оған қоса екінші семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері де осындай тәртіпке көшіріледі.
Бұған дейін оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап бітіруші сыныптарға санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтай отырып, аралас оқытуға ауыстыру туралы үкіметаралық комиссия шешім шығарған. Аралас оқыту – пәндердің 70 пайызы мектепте, қалған 30 пайызы қашықтан оқытылады. Министрдің айтуынша, қазақ тілі, орыс тілі, шет тілі, физика, химия, биология, алгебра, геометрия және осы сынды басқа да негізгі пәндерді жоғары сыныптар мектепке барып оқиды. Бірақ санитарлық талап сақталады. Бір сыныпта отырып арақашықтықты сақтайды және қоңырау әр түрлі уақытта соғылады. Оқушылардың сабақты меңгерудегі қиындықтарының орнын толтыру,а сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке кеңес беру ұйымдастырылады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Қашықтан оқытуға көшкелі оқу үлгерімін үнемі бақылап келеміз. Қай жерде қалыс қалу немесе қиындық бар екенін көріп отырмыз. Сондай балаларды шақырып немесе өз қалауымен шағын топта қосымша жұмыс істейміз. Бұған дейін мұндай мүмкіндік болмаған. Керекті әдістемелері мен кестесіне дейін толық жасап бердік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!