{metadescription}
Пайдалануға берілген көпқабатты үйдің жеделсатысы істемейді – Қаскелең
Пайдалануға берілген көпқабатты үйдің жеделсатысы істемейді – Қаскелең

Пайдалануға берілген көпқабатты үйдің жеделсатысы істемейді – Қаскелең

Қаскелеңде жарты жыл бұрын ғана пайдалануға берілген көпқабатты үйдің жеделсатысы істемейді. Жеті қабатты үйде жеделсатысыз көтеріліп, түсіп жүрміз деген тұрғындар амалының жоқтығын айтады. Басында жауапты мамандар пәтер иелерінің толық қоныстанып бітпегенін сылтау етсе, кейін техникалық ақау шыққан көрінеді.

Осылайша жырға айналған жеделсатыдан бөлек, өзге де мәселелерін жайып салған жұртшылық бұған үйді салған компания мен пәтер иелері кооперативін кінәлап отыр.

Жеті қабатты үйдің тұрғындарын аты бар да заты жоқ жеделсаты қинап отыр. Жаңа қонысқа орналасқанда қуанышы қойнына сыймаған жұртшылықтың көңілі көп өтпей су сепкендей басылған. Өйткені көшіп келген мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы аналарға, зейнеткерлерге пәтеріне көтеріліп-түсу күн сайынғы азап.

Мейізхан Көкімбекова, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- Мен затымның бәрін бала жалдап, әр затқа бір данасына 5 мың теңгеден бала жалдап, алтыншы қабатқа көтерткізіп жатырмын. Сол дұрыс па? Басында алдамаулары керек еді. «Лифті істейді, бәрі болады» деген. Маған оңай емес. Лифтіні бәріне қойып берсін! Осы бала-шағаның бәрі. Үлкен кісілер, тіпті біздің жасымызда 6-шы қабатқа көтерілу бізге оңай емес.

Жаңа баспанадағы жалғыз мәселе бұл емес екен. Наразы топтың айтуынша, коммуналдық қызметтің де ай сайын келетін құны тұрақсыз. Осылайша төлем түбіртегіндегі бағаға түбегейлі қарсы болған жұрт «мұны пәтер иелері кооперативі қолдан жасап отыр» дейді.

Айдос Жігітов, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- «Қарлығаш» тұрғын үй кешеніне «Қарлығаш-сервис» мекемесі, яғни біздің пәтер иелері кооперативі жауапты. Олардың коммуналдық ақыны заңсыз көтеретінін байқадық. Тариф тым жоғары. Яғни қазан айында қоқысқа бір адамға 250 теңге төлесек, қараша айында ол кенеттен 330 теңгеге көтерілген. Біз олардың қалауымен емес, өзгелер секілді тұрақты бағамен төлегіміз келеді.

Кооператив басшысы жеделсатыға қатысты жарытып ештеңе айтпады. Тек мердігер компанияның алғашында жөндеуден бас тартып, қазір өзге сервистік компания қолға алғанын айтып құтылды. Ал тариф құнын көтермедік дейді.

Айнұр Әділбаев, «Қарлығаш-сервис» мекемесінің басшысы:

- Қызмет көрсетуші компания тарифті жоғарылатса, тұрғындармен қосымша келісім жасаймыз. Бірақ қазір тариф құны көтерілген жоқ. Бұған дейін де олай болған емес. Компания қойған бағаны біз әлі жинаған жоқпыз. Оны алдымен үйлерге, сосын тұрғындарға бөлеміз. Сондықтан оның бағасы әртүрлі болып өзгеріп отырады. 

Пәтер иелері кооперативіндегілер тұрғындар келесі жылдан бастап мүлік иелері бірлестігін құра алатынын еске салды. Сөйтіп тұрғын үй кешенін басқаруды өздері қолға алса, мәселелері 2-3 күнде шешіледі деп отыр. Ал жеделсатылары жөнделіп, тарифтің тұрақталуын талап еткендер мұнымен тоқтамаймыз деп тарқасты. Тіпті тиісті орынға шағым да түсіріп қойыпты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде