Тәрбиешілер шенеуніктердің кесірінен жалақысыз қалған – Түркістан облысы
Түркістан облысында шенеуніктердің кесірінен екі жарым мың тәрбиеші екі айдың жалақысынан қағылды. Келес ауданына қарасты 83 жекеменшік балабақшаға субсидия беруі тиіс жергілікті шенеуніктер қараша мен желтоқсан айына ақша аударылмайды деп кесіп айтыпты.
Автор: Бек Әбиев
25.12.2020
Ал онсыз да орташа жалақысы 42 мың теңгеден аспайтын қызметкерлер «белшемізден қарызға баттық» деп шыр-пыр.
Келес ауданында орналасқан балабақшалардың 100-ден астам қызметкері айлық берілсін деп білім бөлімінің алдына келді. Бірақ мұндайға жергілікті шенеуніктердің еті үйренген сияқты. Себебі, жалақысын сұрағандар күніне ондап келеді екен. Бұл өңірдегі жекеменшік 83 балабақшаның 2 жарым мыңнан астам қызметкері қазан айының жалақысын бірер күн бұрын алса, шенеуніктер қараша мен желтоқсан айына «дәмеленбеңдер» деп қайтарыпты.
Гүлайша Битемірова, тәрбиеші:
- Өз айлығымыз, білесіз бе, 42-47 мың теңге. Ал сәби бағушылардікі 38-37 мың теңге. Ол неге жетеді? Өзіңіз ойлаңыз, азық-түлік күннен-күнге қымбаттап жатыр. Несиеміз, бала-шағамыз бар. Олардың киімі, тамағы, дәрісі бар. Карантин дейді, өзімізді өріп шығартып жатыр көшеге. 42 мың теңге айлықтан әлденеге жиналады, газет, әкімшілік деп.
Келес ауданының балабақшалары республикада бала басына субсидияны ең аз алатын өңір екен. «Шенеуніктердің кесірінен енді содан да қағылдық», - дейді. Жыл басында мекемелер әкімдікпен қаржыландыру туралы келісім-шартқа отырады. Бірақ қазан айында әкімдік келісім-шартты бұзбастан, балабақшаларды білім бөлімінің есебіне өткізе салған. Енді білім бөлімі де, әкімдік те қаржы жағына жауап бермейміз деп басын алып қашуда.
Сафура Андабаева, балабақша меңгерушісі:
- Қараша-желтоқсанда, біз жыл соңына дейін ала алмасақ, қаңтарда облысқа өтеді екенбіз сонда екі айлығымыз жоқ боп кетейін деп тұр. Сонда біз қайдан айлық аламыз? Банкрот болып отырмыз, жалға аламыз, салық бар, түкке төлей алмай, екі ай бойы есепшотымызды жауып та тастады.
Ызалы топ «жауап берсін» деп әкімді шақырғанымен, орынбасары ғана келді. Осыған дейін елге «ақша жоқ» деп жолатпаған атқамінер қарашаның айлығын келер аптаның дүйсенбісінен қалдырмай толық төлеуге уәде берді. Ал жыл бітуге бірнеше ай қалғанда 83 балабақшаны білім бөліміне неліктен өткізе салғанын шенеунік сол күйі түсіндіре алмады.
Серік Қарақұлов, Келес ауданы әкімінің орынбасары:
- Жыл басында жоспарланған кезде бізде кірістің бір-екі көзі орындалмай қалды. Өздеріңіз біліп отырсыздар, карантин кезінде салықтың көбіне оптимизация жасалғанда кәсіпкерлерге соның салдарынан кірістің кейбір түрі орындалмады.
100-ден астам тәрбиеші жаңа жылға дейін жалақы түгел түспесе, білім бөлімі алдында тұрған мерекелік шыршаға дейін құлатып тастаймыз деп отыр. «Қарашаның айлығынан бірер күнде құтыламыз» деген аудан басшылары желтоқсан айынның 160 миллион теңгесі қаңтардың соңында берілетінін айтады.
Балабақша басшылары тиісті субсидия тездетіп түспесе, мекемелер түгел жабылып тынамыз деп ашынады. Онда 8 мыңнан астам балақай балабақшасыз қалуы мүмкін. Қазір наразы тәрбиешілер прокуратура мен облыс әкіміне дейін шағым жазып жатыр. Олардың пікірінше, келестік шенеуніктерді тексерсе, талай қызық пен былықтың беті ашылмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!