Шу ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары 9 жылға сотталды
230 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған Шу ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары мен оның 12 сыбайласына сот үкім кесті. Экс-шенеунік 9 жылға, ал білім бөлімінің бас есепшісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
25.12.2020
Даулы істің өзге 11 адам бар. Бәрі білім бөлімінің есепшілері. Олар шартты мерзім, бас бостандығын шектеу сынды жеңіл жазамен құтылды. Ал бюджет ақшасы 2015-2018 жылдары жымқырылған. Тоғыз жылға сотталған Клара Қожағаппанова ол кезде білім бөлімінің басшысы еді. Кейін аудан әкімінің орынбасарлығына көтерілген. Экс-шенеунік 12 есепшімен ақша жымқыру жүйесін құрыпты – есеп бөлімінен мұғалімдердің банк картасына жалақы, еңбек демалысы есебінде негізсіз ақша аударылған. Кейін оны өздері әр ұстаздан қолма-қол алып отырыпты.
Әділхан Әшірбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы:
- Қожағаппанова мен Ағыбаева Шу аудандық сотының залында қамауға алынды. Қожағаппанова өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқынан айырылды. Қалғандары әртүрлі мерзімдермен қаржы институттарында қызмет ету құқығынан айырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!