Коронавирустың жаңа түрі. Вакцина. Ресми тыйымдар
Әлемде коронавирустың жаңа түрі өршіп барады. Ұлыбританиядан шыққан вирустың бұл түрі Қазақстанға әлі жетпепті. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі шартараптағы жағдай ушықса да, өзге елдермен әуе қатынасын тоқтатуды жоспарлап отырған жоқ.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.12.2020
Шенеуніктер қазір коронавирусты бірден-бір жеңетін вакцина жайына бас қатырып жүр. Себебі, Қазақстанда ұжымдық иммунитет әлі қалыптаспаған. Сол үшін салалық орган отандық медицинаны АҚШ-тың екпесімен толтырмақшы. Ал бұл екпе ресейдікінен екі есе қымбат.
Қазақстандықтар коронавирустың екінші толқынын күтіп жүргенде әлем елдері қауіпті індеттің жаңа түрімен алысып жатыр. Желтоқсан айының ортасында Ұлыбританияда анықталған Ковид-19-дың жаңа штаммы әдеттегісінен 70 пайызға жұқпалы болуы мүмкін екен. Қазір вирустың бұл түрі таралған 8 ел Біріккен корольдікпен әуе қатынасын тоқтатты. Қазақстан мен Ұлыбритания арасында да ұшақтар ұшып жатқан жоқ.
Дегенмен шекараны жабатын Үкіметтің ойы жоқ. Елімізге коронавирустың жаңа түрі келмесе де, кеселдің басқа штаммдары жетіп артылады екен. Денсаулық сақтау министрлігіндегілер мамыр мен қыркүйек айында тіркелген науқастардағы вирусты зерттеп көріпті.
Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:
- Биыл вирустың реттілігін зерттеуді жүргізіп жатырмыз. Бүгінде мамыр-қыркүйек аралығында еліміздің 14 аймағында тіркелген 140 штаммды анықтадық. Олар Германия, Испания, Украина, Ресей, АҚШ және Қытайдан тасымалданған вирустар. Ал Ұлыбританияда анықталған коронавирустың жаңа мутациясы Қазақстанда тіркелген жоқ. Дегенмен біз штаммдарды зерттей береміз.
Асқынған ковидті вакцина жеңеді деген сенім бар. Солай болса, игі. Қазақстан өткен аптада Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенде «Спутник V» екпесін өндіруді бастап кетті. Және де еліміз америкалықтардан да вакцина сатып алмақ ойда. Екпе ресейлік препараттан қымбатырақ.
Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Біз бүгінде Pfizer компаниясымен жарияламау туралы келісімге келдік. Бұл вакцинаны Қазақстан аумағына арнайы құжат тапсыру арқылы жеткізу ісімен айналысуға дайынбыз. Вакцина туралы айтар болсақ, оны -70 градусқа дейінгі қатаң талап сақтай отырып жеткізу керек. Және бағасы ресейлік вакцинадан екі есе қымбат.
Ақпан айынан бастап қазақстандықтар жаппай егілуі керек. Шенеуніктер әзірге қандай препараттың қолданылатынын білмейді. Тіпті Қордайда шығарылатын отандық вакцина да салынуы мүмкін деп отыр.
Көрші елдің препаратын шығаруға елдегі бар зауытты пайдалансақ, қазақстандікін өндіруге арнайы зауыт салынғанына қарағанда, отандық екпе кеш егілетін секілді. Алайда біздің екпе ресейлікке қарағанда 4 пайыз жоғары тиімділігін көрсетіпті. Екпе салынған тараздықтардың жағдайы жақсы.
Әсет Қалиев, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Қазақстанда өндіруге дайындалып жатқан QazCovid вакцинасының коронавирусқа қарсы үшінші клиникалық сынағы басталды. Төртінші күн жүріп жатыр. Әзірге осы төрт күннің ішінде алған біздің тұрғындар, 152 адамда теріс көрініс, яғни жағдайы нашарлаған жоқ.
Жаңа жылды отбасымен қарсы алу керек дейді. Ал карантин талабын бұзғандарға айыппұл қомақты. Мәселен, елдегі қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлер той тойлап асыр салғаны үшін 1 миллиардтан астам теңге айыппұл төлеген. Сондықтан шенеуніктер халықты талапты бұзбай, ауруды өршітпеуге шақырды. Өйткені бізде әлі ұжымдық иммунитет қалыптаспаған. Сарапшылардың арнайы зерттеуінің нәтижесі қаңтар айының соңында жарияланады.
Қазақстанда енді жедел жәрдем көліктерінің немесе ауруханалардың суреті немесе видеосын жариялауға ресми түрде тыйым салынады. Денсаулық сақтау министрлігі науқастардың жеке өмірін сақтау үшін мұндай шектеулерді енгізуге мәжбүр екенін атап өтті. Бірақ ауруханада емделіп жатқандарға смартфон пайдаланып, туған-туысымен сөйлесуге тыйым салмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!