Он жылдан кейін әр қазақстандық жылына 8 келі балық жейді
Әрбір қазақстандық он жылдан кейін жылына 8 келі балық жейді. Экология министрлігі осындай болжам айтып отыр. Тіпті сол үшін білім гранттарын арттырып, алдағы он жылда 4 мың маманды оқытып шығармақ.
Автор: Ербол Тұрымбет
29.12.2020
Министрлік ғалымдармен, сарапшыларымен бірлесіп, елдегі балық саласының даму мүмкіндігіне талдау жүргізген. Сөйтсе еліміздің су айдындарында жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болатынын анықтапты. Енді министрлік оны кезең-кезеңмен іске асыруды жоспарлап отыр. Сөйтіп жоспармен 2040 жылы ел аумағындағы өзен-көлдің барлығында балығымыз қойдай тулап жатуы тиіс. Егер бұл жоспар жүзеге асырылса, бір 10 жылда балық басы миллион тоннаға көбеймек. Соның арқасында экспорттық түсім ұлғайып, форель және бекіре тұқымдас балықтардың импорты азаяды дейді министр. Бұдан басқа кемі 50 мың қосымша жұмыс орнын құруға және басым түрде ауылдық жерлерде халық табысын арттыруға ықпал етеді.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Бұл балықты тұтынуды бір адамға төрттен сегіз килограмға дейін арттыруға мүмкіндік береді, яғни Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы 50% орындалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!