Қазақстанда өлім жазасы мүлдем жойылады
Қазақстанда өлім жазасы мүлдем жойылады. Бүгін парламент жазаның мұндай ауыр түрінен бас тарту туралы заңды бекітті. Құжатқа енді президент қол қоюы керек.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
29.12.2020
Дәл осы заңнаманың бекуіне Тоқаевтың өзі араласты. Былтыр желтоқсандағы мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін арнайы хаттамаға да қол қойылған. Заң жобасының жалғыз ғана ерекшелігі – соғыс уақытында өлім жазасын рұқсат ету.
Қазақстанда өлім жазасын қолдануға 17 жыл бұрын мораторий енгізілген. Елімізде соңғы рет өлім жазасы туралы үкім 2016 жылы шығарылды. Полицейлерге қарулы шабуыл жасаған 26 жастағы Руслан Күлекбаев Алматыда жасаған лаңкестігі үшін өлім жазасына кесілді. Алайда артынша ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылды.
Жалпы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап 536 өлім жазасы орындалған. Соңғысы 2003 жылы тіркеліпті.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Өлім жазасын алып тастау мәселесі тек заңды ғана емес, сонымен бірге моральдық-этикалық өлшемге ие екенін түсінеміз. 2003 жылы өлім жазасын қолдануға мораторий енгізілген сәттен бастап біздің елде жоғары жаза шарасын қолданбаудың тұрақты құқықтық режимі қалыптасқанын атап өткім келеді. Бұл қадам еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыратынына кәміл сенеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!