Bek Air 153 жолаушыға 9 жарым миллион қайтаруға міндеттелді
Bek Air белшеден қарыз! Атышулы әуе компаниясы төртінші рет сотта жеңіліп, тағы да 153 жолаушыға 9 жарым миллион теңге қайтаруға міндеттелді.
Автор: Аруна Ортай
29.12.2020
Бұл сома жолаушылардың былтыр желтоқсанда төлеп қойған билет ақысы. Алайда әуе апаты болып, артынша компанияның лицензиясы тоқтатылып, жұрт діттеген жеріне ұшпай қалған. Бірақ «Бек эйр» ол ақшаны кері қайтаруға асыққан жоқ. Апатты сылтауратып, әуе компаниясының «әне-міне» деп жүргеніне бір жыл өтті. Алдыңғы айларда да сот «Бек эйр»-ға жүздеген жолаушыға билет ақысын қайтаруды міндеттеген болатын.
Бүгін тағы да 153 жолаушыға қатысты шешім шықты. Билет ақысын қайтаруды талап етіп сотқа бергендердің бәрін есептегенде, «Бек Эйр» берешегі 100 миллион теңгеден асып жығылады. Әуе компаниясынан ақшасын ала алмай жүрген халық бұдан да көп болуы мүмкін. Мәліметтерге қарағанда, «Бек эйр»-ге қатысты шешім шыққан күні тағы жолаушылардан жаңа арыздар түсіпті.
Былтыр 27-желтоқсанда «Бек эйр» компаниясына тиесілі ұшақ әуежайдан ұшып шыққан бойда апатқа ұшыраған. 12 адам қаза тауып, 67 жолаушы ауыр жарақат алды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!