КТК «Ән мен әнші» жобасын ұсынады
Жаңа жылды КТК арнасымен бірге қарсы алыңыз! КТК көрерменге әсем ән мен қағытпа қалжыңы үйлескен «Ән мен әнші» жобасын ұсынады. Көрерменнің көзайымына айналған концерт биыл ән марафоны ретінде өтеді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
30.12.2020
Бес күн қатарынан сағындырған әндерден бастап, бүгінгі күннің хит туындыларына дейін шырқалады. «Ән мен әншінің» көрерменге арнаған мерекелік тосынсыйы да аз емес.
«Ән мен әншіні» көзі қарақты көрерменмен қоса әншілер де асыға күтеді. Содан болар, 2000 жылы өмірге келген теңдесіз жобаға індет тосқауыл болмапты. Десе де бұл жолы концерт көрерменсіз түсірілген. Ал өнерпаздар сағындырған әндерден бастап қазіргі уақытта хитке айналған туындыларға дейін шырқап, құлақтың құрышын қандырады. Тұрақты жүргізушілер де, әдеттегідей, қағытпа қалжыңымен көрерменді күлкіге қарық қылмақ.
Сержан Молдасанұлы, жоба авторы:
- Бұл «Ән мен әншінің» биыл жасап жатқан марафоны деуге болады. Біз жаңа жылды жасап аламыз да, өткен жылдарға ары қарай «Ән мен әнші» марафон есебінде. 80-90-2000 жылдарға барамыз. 2010 жылдарға келіп, сол 2021-ге тоқтаймыз.
Жоба авторлары сахнадан көрінбей кеткен әншілерді де шақырған. Бұған қоса КТК арнасының жүргізушілері ән салады.
Ерланби Дәулетияр мен Мәдина Балғабаева мұндай ұсыныс түскенде бірден келісіпті. Десе де жаңалықтарды жүргізіп үйренген әріптестеріміз біраз қобалжыды.
Ерланби Дәулетияр, тележүргізуші:
- Сахнаға шығуым бірінші рет емес. Бұған дейін де кішігірім тәжірибелер болған. Әрине, қобалжисың. Себебі, «Ән мен әнші» деген бүгінгі күні отандық брендтердің біріне айналған. Бұл жерде, шыны керек, отандық эстраданың өңкей саңлақтары өнер көрсетеді.
Мәдина Балғабаева мұндай концертте ән айтамын деп ешқашан ойламапты.
Мәдина Балғабаева, тележүргізуші:
- Өмірімде бұл бірінші тәжірибем – сахнаға жүргізуші ретінде емес, әнші ретінде шығайын деп жатырмын. Ерланби Дәулетияр жаңалықтарда көп жылдардан бері қасымда отырды, жаңалықты бірге жүргіздік, сондықтан да әріптесіме сенімдімін. Жаңалықтарда да бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Енді сахнада да, әрине, бір-бірімізді қолдап, бір-бірімізге қошемет көрсетеміз.
Жобаның бұдан өзге де тосынсыйлары көп.
Ертең сағат 22.00-де КТК арнасы қосулы болсын.
Концерт Президент құттықтауынан кейін де жалғасады.
Жаңа 2021 жылдың алғашқы күндерінде, 4-қаңтарға дейін «Ән мен әнші» ән шашуын шашады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!