«Папа поневоле» шымкенттіктерге ұнады ма?
Отбасылық кинокомедия Шымкентке жетті. Жаңажылдық «Папа поневоле» фильмін шымкенттіктер де тамашалай алады. Комедия жанрында түсірілген фильмде жаңа жылда болған тосын оқиға көрсетіледі. Бұған дейін алматылық көрермендердің ықыласына бөленген туындыға отандық жұлдыздар түскен. Шымкент тұрғындарына фильм несімен ұнады?
Автор: Бек Әбиев
30.12.2020
Папа поневоле» фильмі жаңа жыл қарсаңында болған оқиғаны баяндайды. Тәуекел Мүсілім сомдаған әккі ұры ізінен түскен полицейлерден қашып жүріп балконнан кездейсоқ пәтерге кіреді. Бұл сәтте сол үйдің әкесіз өскен балалары «әкеміз болса» деп тілек тілеген. Фильмнің бас продюсері сценарийді оқи сала түсіруге шешім қабылдапты.
Бақтыбаев, фильм продюсері:
- Кино негізі жаңа жылда көңіл-күй көтереді. Өткен жылы ойымызға келіп, Қазақстанда жаңажылдық картиналардың аз екенін біліп, осы жылға кино түсіретін боп шешкен болатынбыз. Идея кенеттен келді.
Отбасылық құндылықты, әке парызын дәріптейтін фильм шым-шытырық оқиғаға толы. Әдемі әзілмен қатар драма да жеткілікті. Сценариін Данияр Күмісбаев жазған. Ал режиссер Олжас Ыбыраев туындыны небәрі екі аптада түсіріпті. Фильмде ойнаған Олжас Әлжанов көрермендер риза болғанын айтады.
Олжас Әлжанов, актер:
- Көбісі әлеуметтік желіде бізді белгілеп, ұнатып, қызықты сәттерін салып жатыр. Соған қарағанда көрерменге ұнаған жайы бар. Оған ризамыз. Өйткені пандемия бапрын білеміз. Кинотеатрлар жақында ғана ашылды.
Кәсіби актерлардан бөлек, басты рөлдерді кішкентай Айбар мен Әлима шебер сомдаған. Фильм басталғаннан соңына дейін көрерменді баурап алады. Карантин кезінде кино сағынып қалған жұрт залдан шыға сала, алған әсерімен бөлісті.
Арман Алтынбек:
- Карантин басталғалы бірінші рет келіп тұрмыз. Сағынып қалыппыз. Бүгін бүкіл отбасымызбен келдік. Фильмнің отбасылық мағынасы зор екен. Өте тәрбиелі, әкелік парызымызды өтеп жүрейік.
«Папа поневоле» фильміне билетті Шымкент кинотеатрларынан сұраңыз. Отбасылық комедия көрерменге жаңажылдық көңіл-күй сыйлайтыны анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!