Өңірлерде жаңа жыл тойлауға қанша қаражат үнемдеді?
Биыл жаңа жылды тойлауға жұмсалатын қаражат барынша үнемделуде. Өңірлерде қаланы безендіруге өткен жылдан қалған жылтырақтар кәдеге жарап жатыр. Тіпті аймақтарда бұрынғыдай түрлі-түсті отшашу да болмайды.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
30.12.2020
Мерекелік іс шаралардың көбі онлайн өткізіледі. Ал жұрттың жаппай қыдыратын жерінде санитарлық талап сақталуы қажет. Пандемия салдарынан аста-төк шығыннан тартынуға үйреткен биылғы жаңа жылды өңірлер қалай тойлағалы жатыр?
Мереке қарсаңындағы қарбалас еліміздің бас қаласындағы көшелерді неше күннен бері қымтап тұр. Шақырымдарға созылған кептелістер күн ұзаққа сірескен. Алайда әр жерден жарқ-жұрқ еткен шамдар аз. Өйткені елорда биыл оған қосымша қаражат бөлмеген. Арнайы құрылғылар мен шыршалардың көбі былтырдан қалған екен. Жаңасын алуға кәсіпкерлер өз ақшасын шығарған.
Даурен Бабамұратов, Нұр-Сұлтан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Шыршаларға биыл арнайы қаражат шығыны жоқ. 13 шыршаның барлығы жеке демеушілер мен шыршаның айналасындағы алаңқайларды жасайтын кәсіпкерлермен бірлесе жасалды. Безендірілуі де дәл сондай. Олармен біздің қарым-қатынасымыз әріптестік негізде. Олар шыршаның қасындағы алаңқайларды жалға береді.
Солтүстік Қазақстан облысының орталығында төрт мерекелік қалашық жұмыс істейді. Шыршалар былтырдан қалған, биыл орнатылғаны жанып тұрған жаңбыр іспеттес құрылғылар. Қалада мұздан жасалған 60 мүсін бой көтерген. Алты лазерлі мултимедиялық құрылғыларда ертегі кейіпкерлері өнер көрсетеді. Ал санитар дәрігерлер рұқсат еткен сырғанақтар адамға толы.
Арман Күшбасов, СҚО сантиарлық-эпидемиологиялық бақылау дапартаментінің басшысы:
- Әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде тағу керек. Мұндағы ең қиыны – сырғанақтар. Баспалдаққа шоғырландырмау керек. Тұрғындардың өзі де ең алдымен осы талапты сақтаса дейміз.
Шымкенттік шенділер халыққа жаңажылдық көңіл күй сыйлауға биыл 34 миллион теңге бөліпті. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе аз. Бюджеттің милиондарына 25 және 18 метрлік екі шырша орнатылып, 129 мерекелік инсталляциямен әрленген. Ал былтырғы жалт-жұлт еткен жылтырақтар биыл қолданылмапты.
Бексұлтан Бекжігіт, мердігер компания өкілі:
- Былтырғыны халық көріп қойды. Енді биыл жаңа заттар қойдық. Біз 25-і күні бәрін толық қойып біттік. Ескі жаңа жылға дейін тұрады – 13-қаңтарға дейін.
Ақтау билігі биыл қаланы безендіруге бір тиын да жұмсамапты. Жақында орталық саябақта жаңажылдық шыршаны әрлеп, ескі демесе қолданысқа жарамды жарықтандырғыш құрылғылар қойылған.
Бұл жағынан биыл Алматы да өзгелерге үлгі көрсетті. Жылда қаланы көздің жауын алатындай жарқыратып тастайтын қала билігі биыл бюджеттен шашау шығармаған. Жылтыраған дүниенің барлығы өткен жылдан қалған.
Қарағанды қаласы мерекелік шығынға биыл 12 миллон теңгемен шектелді. Сондықтан 18 метрлік шырша мен арнайы құрылғылардың 70 пайызы былтырдан қалған. Оның өзінде жарқылдаған арнайы құрылғылар орталық саябақта ғана қаптап тұратын. Биыл қала шетіндегілердің арызы ескеріліп, мерекелік шамшырақтар Октябрь ауданын әрлеуге жіберіліпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!