Дипломат болғандарға арнайы зейнетақы тағайындалады
Қазақстанда дипломатиялық қызметте болғандарға арнайы зейнетақы тағайындалады. Әлеуметтік төлем мемлекет қазынасынан төленеді. Зейнетақы мөлшері қазіргі Сыртқы істер вице-министрі жалақысының 20 пайызы, яғни 170 мың теңге.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
30.12.2020
Зейнетақыға қосылатын үстемені алу үшін қазақстандық елшілердің жалпы еңбек өтілі 25 жыл болуы тиіс. Оның ішінде 15 жылын дипломатиялық органдарға арнауы керек. Сонда ғана Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагері атанып, 170 мың теңге ала алады. Мұндай жаңашылдықты жүзеге асыруға мемлекет қаржысы жұмсалады. Қажетті шығындарды республикалық бюджет комиссиясы биыл 11-тамызда бекітіп берген.
Дипломатиялық қызмет төңірегіндегі өзгерістер мұнымен шектелмейді. Елшілікте жұмыс істегісі келетіндер ағылшын тілін білуге міндетті. Сондай-ақ енді бұл салалық органға ғылыми мекемелер кіргізіледі.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Әлемдік саясат пен экономика саласында іргелі және ғылыми зерттеу жүргізу мақсатында дипломатиялық қызмет органдары жүйесіне ғылыми мекемелерді кіргізу ұсынылады. Бұл Сыртқы істер министрлігіне қарайтын сыртқы саяси зерттеулер институтының мәртебесін арттырып, оның қызметінің негізгі бағыттарын бекітуге мүмкіндік береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!