Сиыр жылы: Биыл бізді не күтіп тұр?
Сиыр жылы қазақстандықтарға түрлі оқиғаларға толы жыл болғалы тұр. Осы жексенбіде елде парламент сайлауы өтпек. Саяси дода аяқтала салысымен, халықтың аз ғана бөлігі зейнетақы қорындағы ақшасын шешуге кіріседі. Ал наурыз айына қарай денсаулық сақтау министрлігінің жоспарымен әлемді дендеген Covid-19-ға қарсы вакциналау басталады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
05.01.2021
Жыл басталысымен дәстүрге сай зейнетақы, жәрдемақылар өсіп, мемлекеттік құжаттарды алудың бағасы қымбаттады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында бізді тағы не күтіп тұр?
2021 жыл басталғалы елдегі өзгерістердің көшін зейнетақы қорынан ақша шешу мәселесі бермей тұр. Салым сомасы жетсе де, жетпесе де, жұрт қызығып зейнетақы қорындағы ақшасын санап та кетті. Үкімет елдегі тек 700 мың азаматқа салымды алуға рұқсат берді. Президент қол қойды. Алайда атқарушы билікке заңды әзірлеуге екі жыл жетпегендей, құжаттың әлі де шикі тұстары бар.
Ақмәди Сарыбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
- Мемлекет басшысы заңға қол қойғаннан кейін салалық мемлекеттік органдар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі емдеуге ақша алу бойынша екі бұйрық қабылдауы тиіс. Нормативтік-құқықтық актілер жобасы қарастырылған соң ғана біз қаңтар айының ортасында бұл жұмыстарды толығымен аяқтаймыз.
Халық арасында қымбатшылық қыспаққа алса, зейнетақы мен жәрдемақы өседі деген сенім бар. Расымен мұндай өзгерістер жаңа жылда үйреншікті жағдайға айналғандай.
1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі зейнетақы мөлшері өткен жылғыдан 3 мың теңгеге артты. Биыл 60-қа толатын әйелдер зейнетке шығады. Ер азаматтардікі сол күйі, 63 жас болып қала бермек.
Елде тауар мен азық-түлік бағасы қалтаны қаққанымен, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгергені шамалы ғана – 34302 теңге.
Айлық есептік көрсеткіштің де мөлшері өзгерді, 2917 теңгеге бір-ақ өсті. Былтыр екі рет өзгергені халықтың есінде. Сәйкесінше құжат алу бағасы қымбаттады. Бұдан өзге жыл күнтізбесінің алғашқы күнінде жалпыхалықтық декларациялаудың алғашқы кезеңі басталды. Бұл мәселенің күшіне енеді дегеніне 7 жылдай уақыт өтіпті.
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Декларациялаудың бірінші кезеңінде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 250-есептілік нысанын ҚР Парламенті және мәслихаттарының депутаттары,сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер және де басқа да лауазымды тұлғалар тапсырады.Жазбаша тапсыратын болса, 15-шілдеге дейін жазда тапсырады. Ал электронды түрде тапсырғысы келсе, 2021 жылдың 15-қыркүйекке дейін тапсырса болғаны.
Азаматтардың табыстарының бар-жоғын анықтауға мүмкіндік беретін төрт кезеңдік декларациялау халықты әлеуметтік қолдау шараларын түзетуге мүмкіндік береді дейді шенеуніктер.
Жаңа жылдан бастап Қазақстанда көлік салығын төлеу мерзімі өзгерді. Енді оны 1-сәуірге дейін төлеуге болады. Әр қазақстандыққа мүлік пен жер салығы түбіртекте бірге есептеліп беріледі. Ал көпқабатты тұрғын үй иелері жер салығын төлемейді. Бір салық алынса, екіншісі қосылды.
Бұдан былай халық медициналық сақтандыру қызметтері үшін жалақыларының 2 пайызын, яғни бұрынғыдан екі есе көп жарна төлейді.
2021 жылдың ақпан айының соңында елде коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау жүргізіледі. Бастапқыда үкімет екпе жыл басында десе, кейін ресейлік «Спутник V» кеш тексерістен өтуіне байланысты уақытты артқа шегерді.
21 ғасырдың 21 жылының басты жаңалығы – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Мерейтойға қалай шашыларымыз белгісіз. Ал мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейтін темірторға қамалғандар бостандыққа шығарылады. Рақымшылыққа ілігетіндердің саны да әзірге беймәлім.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!