Ескерту: Аяз апта соңына дейін, алыс жолға шықпаңыз
Бірқатар өңірде қыс қаһарына мінді. Қарағанды, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарын сарышұнақ аяз қыспаққа алған. Әсіресе Семейде ауа температурасы күндіз минус 32 градустан көтерілмей тұр. Ал Қарағанды және Павлодар облыстарында үскірік аязда үсік шалғандардың қатары артты.
Автор: Ұлан Нұрахмет
05.01.2021
Жаңа 2021 жыл кей өңірлерде қақаған аязбен басталды. Павлодар облысында мереке күндері 21 адамды үсік шалған. Аяқ-қолын мұздатқандардың қатарында 5 бала бар.
Қарағанды облысында мерекелік демалыстарда 23 адам дәрігердің көмегіне жүгініпті. Оның 10 шақтысы жансақтау бөліміне жатқызылған. «Үсік шалғандардың бәрі ішімдікті асыра сілтеген», - дейді дәрігерлер.
Ерік Шонбаев, травматолог:
- Әзірге 4 адамды отаға дайындап жатырмыз. Қолдан келгенше ем-дом жасауға тырысамыз. Бірақ қатты үсік шалғандықтан, олардың үсіген аяқ қолын кесуге тура келеді. Жалпы қатты аязда ішімдік ішкен адам мүмкіндігінше далаға шықпауы керек. Әйтпесе салдары осындай болады.
Сақылдаған сары аязда жолаушыға лық толы Нұр-Сұлтан - Степногор бағытындағы автобус діттеген жеріне жете алмай тұрып қалған. Қоғамдық көліктің ішінде болған 46 жолаушы құтқарылды. Жедел жеткен жол сақшылары оларды Ерейментау қаласындағы қонақ үйге жайғастырыпты.
- Нұр-Cұлтан - Степногорск бағытымен жолға шыққанмын. 46 жолаушым бар. Ақкөлге жетпей автобусымның компрессоры сынып, жолда қалдық.
Шығыс Қазақстан облысында да жолда қалған 15 жүргізуші құтқарылды. Жүк көліктерінің жанармайы қатып қалған. Себебі, бұл өңірде сынап бағанасы рекодтық деңгейге жеткен. Әсіресе Бородулиха ауданында күн 50 градусқа дейін суытыпты. Ал Семейде күндіздің өзінде сынап бағынасы минус 32 градустан көтерілмей тұр.
Думан Икенов, Семей қаласы ТЖБ азаматтық қорғау бөлімінің офицері:
- Қазір Семей бағытымен төрт жылыту пункті орналасқан. Әзірге аязда жолда қалып зардап шеккендер жоқ.
Әзірге барлық бағыттағы тас жол ашық. Құтқарушылар жұртқа сақ болуды ескертеді. Өйткені ауа райын болжаушылар үскірік аяз апта соңына дейін сақталады дейді. Сондықтан шұғыл шаруа болмаса, жүргізушілерге алыс жолға шықпауға кеңес беруде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!