Парламент сайлауында КТК арнасы экзитпол жүргізеді
Парламент сайлауында КТК телеарнасы экзитпол жүргізеді. Саяси доданың алдын ала қорытындысын телеарна көрермендері елден бұрын білетін болады. 10-қаңтар күні өтетін сайлауда Демократия институтының сарапшылары 500 учаскені аралап, дауыс берушілерден қай партияны таңдағаны жөнінде сауалнама жүргізбек.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
06.01.2021
Жиналған қорытынды Орталық сайлау комиссиясының шешімінен бұрын жарияланады деген сенім бар.
Сайлауда қай партияға дауыс бергеніңізді еxit poll өкілдері сайлаудан тыс жерде анықтауы тиіс. Яғни далада. Талап солай. Сарыарқаның үскірік аязына қарамастан, «Демократия институты» өкілдерінің қолдарында КТК телеарнасының логотипі бар планшеті болады. Планшетке дауыс берушілердің аты жазылады. Ал ол КТК телеарнасы көрермендерінің алғаш боп сайлау нәтижесін білуі үшін керек.
Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүретін 500 сарапшыға қыстыгүнгі қолайсыз ауа райы кедергі болмайын деп тұр. Артылған жүкті абыроймен алып шығу керек дейді еxit poll өкілдері. Әлеуметтік ұйым бұл күні 500 сайлау учаскесін өзара бөліп алған.
Татьяна Башарина, «Демократия институты» ҒЗҚ жобаларының директоры:
- Қазақстандағы барлық облыс орталығы, елдімекен, шалғайдағы ауылдар сауалнамаға қатыстырылады. Сауалнамада сайлау учаскелері ашылған сәттен дауыс беруге келген 20 мың қазақстандықтан жауап аламыз деген сенімдеміз. Сауалнаманы екі сағат сайын жүргізуді жоспарлап отырмыз.
Еxit poll-дың жинаған мәліметі бірден шығарылып отырғанымен, нақты нәтиже дауыс беру аяқталған соң бір-ақ жарияланады. Әдетте шығарылған қорытынды ресми мәлімдемемен сәйкес келеді. Мұны 2016 жылғы парламент сайлауы көрсеткен.
Татьяна Башарина, «Демократия институты» ҒЗҚ жобаларының директоры:
- Еxit poll, біріншіден, нақты нәтиженің қандай болатынын болжайды. Екінші басымдық беретін тұсы, дауыс есептелгенге дейін мәлімет алу. Негізінен әр зерттеу орталығының өзіне тән әдістемесі болады. Дегенмен бәрі бір-біріне ұқсас.
10-қаңтарда КТК телеарнасы мен институт жүргізетін жұрт арасындағы жекелей сауалнама әлемдік тәжірибеде кең қолданылады. Нәтиженің 2-3 пайызға қате шығуы да әбден мүмкін. Жалпы ел заңында азаматтардың бір-бірінен кімге дауыс бергенін сұрауға құқығы бар. Алайда оны айтып-айтпау әркімнің өз еркі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!