{metadescription}
Ауыз суға жарымаған жұрт халықаралық тас жолды жауып тастады – Түркістан облысы
Ауыз суға жарымаған жұрт халықаралық тас жолды жауып тастады – Түркістан облысы

Ауыз суға жарымаған жұрт халықаралық тас жолды жауып тастады – Түркістан облысы

Түркістан облысында ашулы жұрт халықаралық тас жолды жауып тастады. Бұған Сарыағаш ауданындағы Жаңатұрмыс ауылы тұрғындарының ауыз суға жарымай отырғаны себеп. «Жергілікті биліктің назарынан тыс қалдық» дегендер тіршілік нәрін арықтан алып ішуге мәжбүр.

Қолы жеткендер шалғайдан суды сатып әкеледі. Ал тіршілік нәрін таситын көліктер ауылдың ішкі жолы нашар деп кірмейді екен. Құзырлы орындарға арыз жазудан мезі болғандар Шымкент-Ташкент тас жолын жауып тастады. Судан тарлық көріп отырғандардың жайын тілшіміз біліп қайтты.

«Облыс түгілі, аудан шенеуніктерінің назарынан тыс қалдық» деген Жаңатұрмыс тұрғындары ауыл іргесіндегі халықаралық тас жолға шықты. Елеусіз қалғандар  басшыларға базынасын осылай жеткізуден басқа амал таппапты. Сондықтан күре жолға кес-кестеп шығып көліктердің жүрісіне кедергі келтірген. Бас-аяғы бірнеше минутта ұзын-сонар кептеліс.

Су сұрағандар Шымкент-Ташкент трассасының бойына жиналды. Себебі, тас жол бойы осы өңірдегі ең көрікті жері көрінеді, облыс пен астанадан келген шенеуніктерге тас жолды әрлей беретін жергілікті билік, ауылға мүлдем көңіл бөлмейді дейді. Мәселен, 500-ге тарта отбасы тұратын ауыл таза су ішкісі келсе шалғайдан ауыз су алдырады. Онысы удай қымбат. Сондықтан көпшілік көршілес Өзбекстаннан келіп жатқан лай суды арықтан алып ішуге мәжбүр.

Берік Әбдішев, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:

- Ол тек егінге арналған су. Соны ішіп отырмыз. Оған тіпті ахабалар түседі. Ахаба деген егіншілік еккеннің нелері.  Мына жерден мал да су ішеді, пәлен жылдан бері. Сиыр деген тезегі қатқақ мал, өткен кезде малағын тастап кетеді. Оны да ішеді жұрт. Амал жоқ.  

«Қоқыс пен бірге өлексе де жататын арықтан су ішіп отырмыз» деген ауылда түрлі жұқпалы ауру тарала бастаған. Биліктен әбден күдерін үзгендер ешкімге иек артпайтын болдық дейді.

Жаңатұрмыс тұрғындарына аяз абырой болып тұр. Себебі, қара суықта жер қатқақ. Әйтпесе мұнда жүру мүмкін емес, себебі – лай-батпақ. Жалпы мұндағы жұрт өз қотырын өзі қасып үйренген. Жарықты да өздері жүргізеді, тасты да өздері төсейді. Мұнда басшылар бас сұқпайды екен.

Ауылдағы көпірді де жұрт жабылып жөндеп, тас жолды да халық өз ақшасына төсеген. Әйтпесе қар мен жаңбырдан соң ауылға көлік атаулы кіре алмайды.

Орынхан Жүнісов, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:

- Жаңатұрмыс елдімекенінде 14 көше бар. Соның екі-ақ көшесі асфальтталған. Ал қалған 12 көшеше асфальт төселмеген. Аудан басшыларынан, биліктен талай уәде болды. Талай қағазы бар. Мен әйтеуір ұйқымнан оянып, көзімді сүртем де, барып, арызымды тастап кетем, осы  мәселе жөнінде. Бірақ еш нәтиже жоқ.

Жаңатұрмыста «жұрт шулап жолды жапты» деген соң сарыағаштық шенеуніктер тайлы-тұяғы қалмай осында жетті. Олар тұрғындарға таза су беруге құжат рәсімдеп жатырмыз дейді. Сондықтан жұрт биылдан қалмай тіршілік нәрімен қамтамасыз етіледі деп уәде берді. Оған қазынадан 396 миллион теңге бөлініпті.

Ержан Исмайылов, Сарыағаш аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:

- Биыл мердігер анықталғаннан кейін қолайлы уақытта – наурыз, сәуір, мамыр айларынан құрылыс басталады. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп, елдімекенді ауыз сумен қамтуға жұмыс істейміз.      

Шенеуніктердің сөзіне сенуден қалған жұрт суға жауапты адамнан «уәдемде тұрамын» деген қолхат та жаздырып алды. Ал осыған дейін өмірі болмаған асфальт құбыр жүріп болған соң төселуі мүмкін. Алайда ауыз суды 30 жыл күткен халық жол дұрысталады дегенге күмәнмен қарайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.