{metadescription}
Үстеме ақыдан қағылған дәрігерлердің шағымы – Нұр-Cұлтан
Үстеме ақыдан қағылған дәрігерлердің шағымы – Нұр-Cұлтан

Үстеме ақыдан қағылған дәрігерлердің шағымы – Нұр-Cұлтан

Елордадағы көпсалалы медицина орталығының дәрігерлері үстеме ақы беруді талап етті. Коронавирусқа шалдыққан науқастармен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істейтін олардың біразы ковидпен ауырып та шыққан. Бірақ үстеме ақы төленетін дәрігерлердің санатына кірмей қалған.

Медицина орталығы өз қаражатынан төлейін десе, қаржылық жағдайы көтермейді. Себебі, қарызға батып қалған. Шарасы таусылған ақ халаттылардың шағымын тілшіміз тыңдап келді.

Елордадағы қалалық көпсалалы ауруханада 300-ге тарта қызметкер жұмыс істейді. Соның ішінде орта және кіші дәрежелі қызметкерлер былтыр жыл бойы үстемеақы алмаған. Аурухана басшылығы тіпті мемлекеттік мерекелерде де сыйақы беруді доғарыпты. Дәрігерлер коронавирус жұқтырғандармен тікелей байланыста жүрсе де, мемлекеттің қаржылай қолдау көрсетпегеніне наразы.

Карантиндік талап бойынша түсіру тобына медицина мекемелерінің ішіне кіруге болмайды. Наразылығын айтуға кісілер аязға қарамастан сүйретпемен сыртта жүр. Медбикелермен бірге санитар, жүргізуші сынды қызметкерлер де бар.

Сәуле Жырғабай, медбике:

- Бізде науқас наурыздан бері санағанда күнде науқас. Түскен кезде науқас ПТР-тест тапсырады. Екі күннен кейін анализі шығады. Пневмония, ковид. Апарамыз. Оларды жатқызады. Санитаркалар кіреді, еден жуады. Біз барамыз, егеміз, дәрісін беріп, қан қысымын өлшейміз. Ол лифтімен келеді, қабылдау бөліміне келеді. Қабылдау бөлімінен бастап, біздің бөлімде екі күн жатады. Сонда бізге бірде-бір науқасқа өтемақы төлеген жоқ.

Санитарлар коронавируспен ауыратындардың тұрған-жүрген жерін тазаласа, жүргізушілер оларды осы жерден арнайы салынған ауруханаларға жеткізеді. Сөйтіп жүріп өздері де жұқтырған.

Қуат Мамырбаев, «Көпсалалы медицина орталығы» жедел жәрдем қызметінің жүргізушісі: 

- Мен жедел жәрдем жүргізушісімін. Алдыңғы бір кезегімде екеуін апардым. Кеше төртеуін жеткіздім. Қасымда отырады түкіріп, қақырып. Мен артынан көлікті жуып, тазалаймын. Сөйтіп жүріп өзім ауырып шықтым. Енді тым болмаса бізге 200 мың төлеңдер деп отырмыз. Ал олар төлегісі келмейді, бірақ жұмсағанды біледі.

Бар мәселе – мекеменің карантиндік стационарлар қатарына жатқызылмағанында. Қызметкерлер науқастармен тікелей байланыста жұмыс істейтіндердің қатарында болып саналмайды. Ал мекеменің өзі төлемек түгілі, қарызға батқан.  

Бағдат Нұрбеков, «Көпсалалы медицина орталығы» директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары:

- Осыған қосымша министрдің тағы бір бұйрығы бар. Онда осы санаттарға кірмеген қызметкерлерге мекеме өз қаражаты есебінен үстеме ақы төлесе болады делінген. Бірақ қаржылық қиындықтарға байланысты біз ондай ақша төлей алмаймыз. Себебі, мекеменің кредиторлық қарыздары бар. Ол қарыздың қайдан шықты деп, медициналық сақтандыру қоры бізде аудиторлық тексеріс жүргізіп жатыр.

Дегенмен жақында медициналық сақтандыру қорынан осында ақша аударылмақ екен. Соның есебінен мекеме барлығына бір жалақы көлемінде жаңажылдық сыйақы төлемекші. Бірақ қарызға кіріп кеткендіктен, қызметкерлер оған да күмәнмен қарайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде