Отандық компаниялар салықты ұзақ уақыт артығымен төлетіп келген
Отандық компаниялар қазақстандықтарға салықты ұзақ уақыт бойы артығымен төлетіп келген. Мемлекеттік кірістер комитеті бүгін осындай олқылықты жариялады. Яғни қызметкерлерге жеке табыс салығын шамадан тыс төлетіп отырған.
Автор: Ербол Тұрымбет
06.01.2021
Бірақ бұл тек штаттан тыс келісім-шартпен жұмыс істегендерге ғана қатысты. Мәселенің мәнісі мынада. Келісім-шартпен жұмыс істейтін қызметкерлерден табыс салығын ұстау үшін алдымен зейнетақы жарнасын алып тастау керек болған. Және биылдан бастап медициналық сақтандыру төлемін де алып тастау керек. Содан қалған жалақысының 10 пайызын ұстау керек екен. Алайда жұмыс берушілер бүкіл жалақы мөлшерінің 10 пайызын салыққа аударып отырған. Былтыр жыл соңындағы заңдағы өзгерістер бойынша енді жұмыс берушілер сол артығымен кеткен салық төлемін қайтаруы керек. Енді сол үшін есепшілердің басы қатып жатыр. Дегенмен мемлекеттік органдар ол үшін жұмыс берушілерді міндеттемеуі де мүмкін. Әзірге талқылау үстінде.
Әлібек Әбділов, Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз хатшысы:
- Осы аралықта пайда болған айырмашылықты азаматтық-құқықтық шарттар негізінде қызмет атқарған азаматтардың барлығы өздерінің салық агенттеріне, демек жұмыс жасаған жерлерінің есепшот бөліміне хабарласып, ресми түрде арыз жазса бұл қаражат, яғни бұл айырмашылық қайтарылатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!