Ақтөбеде жаңа салынған көпқабатты үйдің су құрылғысы істен шықты
Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты үйдің тұрғындары нәжіс иісіне тұншығып отыр. Себебі орталық кәріз құбырына қалдық су айдайтын құрылғы істен шыққан. Соның кесірінен шайынды пәтерлерге кері құйылып жатыр. Кәріз жүйесі істемеген соң, су құбырын да уақытша ажыратуға мәжбүр болған.
Автор: Жаңалық Ахаш
07.01.2021
Ал құрылғыны жөндеуге тұрғындардың қаржысы жетпейді. Ал әкімдік үйдің балансқа өткізілмегенін айтып отыр.
Ақтөбе қаласына қарасты Кірпішті ауылындағы үш қабатты үйде мүгедек бала асырап отырған отбасылар мен мемқызметкерлер тұрады. Осыдан төрт жыл бұрын кезекте тұрғандарға арнайы бағдарламамен несиеге беріліпті. «Бірақ жаңа қоныс деген аты болмаса, кем-кетігі көп» - дейді тұрғындар. Енді кәріз құбырындағы қалдықты айдап тұратын сорғы істен шығып, нәжіс пәтерге кері ағып жатыр.
Гүлбану Баршанова, Кірпішті ауылының тұрғыны:
- Жертөледен аққан үлкен дәреттер енді үйдегі дәретханадан шығып жатыр. Ал суды жабуға болмайды. Бүкіл халық пайдаланып отыр. Иісіне көнсек те, үлкен дәретке көнуге болмайды. Үйден шығып жатыр. Өзім мүгедек баламен алысып отырғанда, дәретпен алысатын шамам жоқ.
Жаңа жылды сусыз қарсы алған. Кәріз құбыры істемен соң, суық суды да тоқтатып тастаған.
Күләш Жылыcбаева, Кірпішті ауылының тұрғыны:
- 54 пәтер сусыз отыр. Жаңа жыл алдында кірімізді жуа алмадық. Енді жертөле суға толды. Мына қыста қалай сусыз отырамыз?! Дәретханаға қалай бармайсың?! Далаға барамыз ба? Бәрі біліп отыр, әкімдік те, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы да! Бұл қалай болғаны?!
Әкімдіктегілер үйдің сапасыз салынғанын әу бастан білген. Бірақ төрт жылдан бері қайда қарағаны белгісіз. Тіпті су мен кәріз құбырын әлі күнге дейін өз балансына алмапты. Соның кесірінен тұрғындар зардап шегіп отыр. Оны шенеуніктер де мойындайды.
Байтұрсын Үксікбаев, Ақтөбе қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:
- Үй салушыларға хат жаздық. Кемшілігін жою және бізге тапсыру жөнінде. Олар сол кеткеннен кетті. Ол кезде мына үйге тапсырушы құрылыс бөлімі болды. Енді біз бұл үйге қызмет көрсете алмаймыз, өйткені біздің балансқа тіркелген жоқ. Қаулы шыққанымен, юстицияға тіркелген жоқ. Қабылдап алу актісі жоқ.
Әкімдіктегілер демеушілердің көмегімен үйдің кәріз құбырын соратын құралды жеткізді. Бірақ оны орнатуға кондоминиум басшылары қарсы. Өйткені тым арзанға сатып алған сорғы әрі кетсе бірер аптадан соң қайта бұзылады деп отыр. Сондықтан тұрғындар дереу әкімдік балансына алып, мәселесін түбегейлі шешсе деп талап қойып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!