Семейде жаңа көпқабатты үйдің құбыры жарылды
Семейде жаңадан бой көтерген көпқабатты үйді су шайып кетті. Қарағайлы ықшамауданында орналасқан ғимаратта қақаған аязда құбыр жарылып кеткен. Соның салдарынан бірнеше баспана малмандай су болған. Тіпті тұрғындардың бар жиһазы мен тұрмыстық-техникасы да істен шыққан.
Автор: Ұлан Нұрахмет
07.01.2021
Бүлінген дүниені кімнен даулаймыз дегендер апатқа пәтер иелері кооперативінің төрағасы кінәлі екенін айтады. Тұрғындар видео түсіріп алған. Қатты жарылыстың дауысын естіген олар дәлізге жүгіріп шықса, шатырдағы су құбыры қақ айырылып, артынша тоғыз қабаттың үйдің қуыс-қуысынан ыстық су сорғалаған.
- Үйдің салынғанына бір ғана жыл болды! Бара-бара не болады?! Бір жылдың ішінде мынандай жағдай!
Зарина Куевбаеваның пәтері де көлкіген суға толған. Жоғарғы қабаттан құйылған су баспанасының берекесін қашырыпты – жиһаздары мен тұрмыстық-техникалары да істен шыққан.
Зарина Куевбаева, Қарағайлы ықшамауданының тұрғыны:
- Бізге кім көмектеседі? Мүлікті ешкім бізге берген жоқ. Суда қалған жиһаздар ісініп, қақырап кетті. Ал теледидар не болғаны белгісіз. Оның несиесі де әлі төленіп бітпеген.
Жаңа салынған үйдің ақауы көп екен. Тұрғындар оның бәрі пәтер иелері кооперативі төрағасының салақтығынан болды деп отыр. Өйткені подъездердегі батареялар дер кезінде жылу жүйесіне қосылмай қатып қалған. 40 градус аязға шыдамай жарылып жатыр дейді. Пәтер иелері кооперативінінің жұмысына жүрдім-бардым қарағанын мердігер мекеме өкілдері де растап отыр.
Серік Мамонов, мердігер мекеменің техникалық директоры:
- Пәтер иелері кооперативі төрағасының кінәсі. Өте өкінішті. Жылу құбырын дұрыс іске қоспаған. Қазір апат салдарын жойып жатырмыз. Құбырларды қайта қалпына келтіреміз.
Кооператив төрағасы сұқбат беруден бас тартты. Мердігер мекеме апат себептерін анықтаймыз дейді. Егер құбырдың жарылуына кооператив жұмысшыларының жауапсыздығы себеп болса, шығынды төрағасынан өндіріп алғалы отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!