Елордада 13 көлік өртеніп кетті
Елордада көлік жуу орны өртеніп, ішінде тұрған 13 көлік отқа оранды. Таңертең сағат тоғыз шамасында болған тілсіз жауды өрт сөндірушілер екі сағаттан соң толық өшірген. Көлігінен айрылғандар енді шығынын қалай өндірерін білмей басы қатып отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
07.01.2021
Небәрі 4 көлік қоятын жерге 13 көліктің қалай сыйып кеткені де жұмбақ. Зардап шеккендер полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалған.
Көлігінен айырылғандардың бірі – Қабылбек Жәкежан ескі «Аудиінің» темір қаңқасын жазбай таныды. Жаңа жыл мерекесінен бері көлігін түнде осында қалдырып жүрген ол кеше кешкі сағат 11-де еш уайымсыз тағы кіргізген. Өзімен бірге екі баласы да көлігін осында қойыпты. Таңертең алайын деп келсе, өрттің үстінен түскен. Енді үш көліктен бірдей айрылып, шығынын кімнен сұрарын білмей дал.
Қабылбек Жәкежан, зардап шегуші:
- Қожайынына айтсақ, жалға берушіге сілтейді. Жалгер: «Білмейміз, бейнекамерадан өрттің қайдан шыққанын қарайық» дейді. Онда біздің шатағымыз жоқ қой. Ол ақшасын алғаннан кейін барлық жағынан жауап беру керек. Өлік машинаңның өзі, жоқ дегенде 2 миллион. Енді 6 миллионға шығынға батырып отыр.
Бұл жер көлік жуу орны деген аты болмаса, түнемелік осылай пайда табуды әдетке айналдырған сияқты. Әр көлікке 3 мың теңге алып, кілтін күзетші алып қалады. Осындай қызмет ұсынған соң, Әсем де сенімді болыпты.
Әсем Тоқбаева, зардап шегуші:
- Ішінде не күзеті жоқ, өрт дабылы да болмаған. Өрт тұтанған, содан бүкіл көлік жанып кеткен. Көлігімнің 70 пайызы өртеніпті. Ол, жоқ дегенде 4 миллион шығын. Оны көлік жуу орны төлеп береді деп отырмыз. Себебі, өздері жұмысына салғырт қараған.
Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз. Бірақ төтенше жағдай мамандары өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмағанын растап отыр.
Диас Маметеков, Сарыарқа аудандық төтенше жағдайлар басқарма бастығының орынбасары:
- Ішіндегі көліктердің арасында кейбірінде газ баллоны орнатылған. Өрт қауіпсіздігі ережесі бойынша ондай көліктерді ғимараттың ішінде қоюға болмайды. Өйткені ауа райы минусқа кеткен жағдайда газдың көлемі артады. Сондықтан оны жылы жерге ұстауға тыйым салынған.
Іштен шыққан көліктердің темір қаңқасынан басқаның бәрі жанған. Орындық, рөлі, дөңгелегінен түк қалмапты. Өрттің қатты болғанын содан-ақ аңғаруға болады. Тіпті будақтаған түтін түстен кейін де тоқтамады. Қызыл жалынның күшті болғанының бұл да бір айғағы.
Күлі шыққан көліктердің әрқайсысы бірнеше миллионға бағаланады. Сондықтан кінәліні анықтап шығынын өндіру ұзаққа созылары сөзсіз. Ал көлік жуу орнының иесі кінәлі деп танылса, 9 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалауы немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!