8-қаңтардан зейнетақы ақшасын алуға өтінім қабылдана бастайды
8-қаңтардан бастап зейнетақы қорынан ақшаны мерзімінен бұрын алуға өтінім қабылдана бастайды. Қор қаржысын пайдалануға еш шектеу жоқ.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
07.01.2021
Бірыңғай зейнетақы қорында шекті мөлшері барлар ақша алуға ертеңнен онлайн портал арқылы өтінім бере алады. Ол үшін «Отбасы банк» табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Оның үстіне қор ақшаңызды қолма-қол бермейді. Шешіп алуға болатын сома арнайы ашылған ағымдағы есеп-шотқа түседі. Одан соң 45 күннің ішінде құрылысшы компанияның есепшотына немесе ипотекалық қарызды өтеуге басқа банктың шотына аударылмаса, ақшаңыз автоматты түрде зейнетақы қорына қайта түседі. Жуырда ғана Қаржылық реттеу агенттігі «Отбасы банк» зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын ақша алатын азаматтармен жұмыс істеуге арнайы лицензия берген. Ал банк бұл ретте азаматтарды сабырлы болуға шақырып отыр.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы:
- Қаңтардың 8-де топырлап келудің қажеті жоқ. Бұл бір күнде басталып, сол уақытта біте қалатын бағдарлама емес. Әрине, ипотекасын төлеп жүргендердің асыға күтіп, сол күні келуі заңдылық. Ал қалған азаматтарға асықпауға кеңес беремін. Біршама уақыт өткені өзіне де пайдалы, себебі жинақтан алатын сома да еселене береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!