ОСК тыйымына кейбір қоғам белсенділері бағынбай жүр
Орталық сайлау комиссиясының сайлауда онлайн-трансляция жүргізуге салынған тыйымына кейбір қоғам белсенділері бағынбай жүр. Тіпті үкіметтік емес ұйымдардың арасында Орталық сайлау комиссиясын сотқа бергендер табылыпты. Көптің мұндай әрекетін мемлекеттік алқалы орган «саяси троллинг» деп атады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
08.01.2021
Ерлан Дауылбаев, ҚР ОСК мүшесі:
- Заңды тұлғалардан келіп түскен өтініште сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттігін іске асыруға қатысты сұрақтар бар. Орталық сайлау комиссиясы бұл мәселені екі рет қарады, материалдарды сайтқа жариялап, онлайн-брифинг те өткізді. Алайда атқарылған жұмысқа қарамастан, белсенділер біздің жауаптарымызды естімегендей кейіп танытып, бұл тақырыпты одан әрі өрбітіп жатыр. Бұл әдейі ұйымдастырылған саяси троллинг екені айдан анық.
Орталық сайлау комиссиясы тәуелсіз бақылаушылардың міндеттері мен құқықтары айқындалған қаулы қабылдаған. Онда бақылаушыларға сайлау учаскесінен онлайн-трансляция жүргізуге рұқсат жоқ. Бірақ фото-видео және аудио жасауға құқылы. Және оларды заңбұзушылықтардың айғағы ретінде пайдалануына болады. Ал ұйымдар бақылаушыларды сайлауға өздерінің жарғылық мақсатына сай болған жағдайда ғана жіберуі тиіс. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев қаулы жайлы түрлі дүние жазып жүргендер жай ғана хайп қуғандар деп айыптаса, алқалы органның жетекшісі Берік Имашев әлеуметтік желілердегі мысқыл пікірлерге бола ресейлік әншілер орындайтын әнді есіне түсірді.
Берік Имашев, ҚР ОСК төрағасы:
- Әлеуметтік желілер де түрлі-түрлі, анау ән бар ғой, сары, сұр және қызыл түсті деп айтылатын. Сондай. Желідегілер жазылушы санын көбейткісі келіп бірдеңе істеп бас қатырады. Біреу коммерцияландыру мақсатында, біреу тек идеологиялық тұрғыдан жұмыс істейді. Менің ойымша, біздің азаматтардың әрқайсысы саяси науқанға қатыса алады, өздеріне қорытынды жасай алады. Барлық мәліметті беріп отырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!