{metadescription}
Әлемдегі эпид-ахуал: Жаңа штамм. Локдаун
Әлемдегі эпид-ахуал: Жаңа штамм. Локдаун

Әлемдегі эпид-ахуал: Жаңа штамм. Локдаун

Коронавирустың жаңа мутациясы әлем елдерін әбігерге салып жатыр. Жаңа штамм шыққан Ұлыбританияда бір тәулікте 1162 адам өлген. Қауіп күшейгендіктен көршілес Франция шектеу шараларын күшейтуге кірісті. Украина да мерекеден кейін локдаун жариялады.

Қалыпты өмірге қайта оралу Франция халқына арманға айналды. Ел билігі антикоронавирустық шараларды ұзарту туралы шешім қабылдаған. Қаңтардың 20-сында ашылады деп жоспарланған мейрамханалар әзір жұмысқа кіріспейтін болды. Музей мен кинотеатрлардың да есігі жабық.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

- Жақын күндері шектеудің жеңілдетілуін күтпеңіздер. Керісінше, індет қаупі жоғары аймақтарда карантинді одан әрі күшейтуге дайын болуымыз керек. Мұның бәрі жақын күндері эпидемиологиялық ахуалдың қалай өрбитініне байланысты. Қазір жабық тұрған нысандар ай соңына дейін ашылмайды.

Коронавирустың жаңа мутациясына байланысты Франция Ұлыбританиямен арадағы шекараны жапқан. Өйткені Бірікен корольдіктегі ахуал мүшкіл. Мұнда бір күннің өзінде, яғни, кеше 1162 адам Covid-19-дан көз жұмған.

Қауіпті вирус алғаш тараған Қытайдың Ухань қаласында науқас санағы дұрыс жүргізілмеген көрінеді. Мұндағы ғалымдардың зерттеуінше, індетпен тіркелгендер ресми статистикадан үш есе көп. Зерттеушілер мұнда 168 мың адам коронавирусқа шалдыққан дейді. Ал ресми көрсеткіш бойынша науқас саны – 50 мың. Инфекцияның алғашқы ошағы болған Ухань жұрты әлі де өзіне келмеген.

Доминик Джан, Ухань қаласының тұрғыны:

Менің ойымша, Уханьға әлі біраз уақыт керек. Кемі екі-үш жылдан кейін жұрт қалыпты өмірге келе бастайтын шығар. Экономикалық және психологиялық тұрғыдан зардап шектік. Қазір мұнда бірде-бір тұрғын бетпердесіз далаға шықпайды.

Мерекені тойлап болып, Украина да бүгін локдаун енгізді. Елдегі мектеп, университет, сауда орталықтары мен мейрамханалар 24-қаңтарға дейін жабылған.

Қауіпті вирус осыған дейін 191 елге тарап үлгерді. Әлемде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 88 миллион 110 мыңнан асты. Көш басында – АҚШ. Мұндағы халықтың 22 миллионға жуығы вирус жұқтырған.

10 миллионнан аса тұрғыны ауырған Үндістан антирекордтың екінші орнында. Үштікте Бразилия да бар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде