Шымкентте газ баллоны жарылып, көп балалы отбасы далада қалды
Шымкентте үйдегі газ баллоны жарылып, көпбалалы отбасы далада қалды. Қыста үйсіз қалған 6 баласы туыстарын паналаса, анасы ауруханада жатыр. Ал әкелерінің бет-аузын күйік шалған. Бір сәтте барынан айырылған отбасыға жергілікті билік қолдан келгенше көмек береміз деп уәде еттті.
Автор: Бек Әбиев
08.01.2021
Үрейлі дауыстағы үй иесі жарылыстан кейін баспанасын түсіріп жүр. Қуаныштың бес бөлмелі шаңырағынан түк қалмаған. Ал жарылыстың өзі түнгі сағат үш жарымда болған. Отағасы түнделетіп газ баллонын толтырып үйге әкеліп жатып қалған. Арада екі сағат өткенде шырт ұйқыда жатқан жанұя күшті жарылыстан шошып оянды.
Қуаныш Сұлтанов, үй иесі:
- Тарс етіп жарылды. Лақтырып жіберді. Келіншегім анау құмның арғы шетіне лақтырып жіберген.
- Бала-шағаңыз ұйықтап жатыр ма еді?
- Ұйықтап жатқан, төртеуі өз бөлмесінде, екеуі залда болған. Мына бұрышта от жанды. Бала шығып кеткеннен кейін өзім бензин таситыгн көліктен өрт сөндіргішті әкеліп өзім сөндірдім. ғой.
Беті, қол-аяғы күйіп, денесінің 23 пайызын күйік шалған 35 жастағы әйел ауруханада. Үй қираған кезде кеудесінен жарақат алған алты баланың тұңғышы – 14 жасар қыз ауруханадан шығып, туыстарының үйіне кетті. Ал отағасы Қуаныш туыстары мен достарымен бірге жарамсыз болған үйін бұзып, қолдануға болатын дүниесін теріп жүр.
Шымкенттің ең шетінде тұратын отбасы үйін салуға 15 жыл бойы ақша жинап, бес жыл бойы тұрғызған. Тірнектеп жиғаны әп-сәтте көкке ұшып, үйсіз қалғандар енді қашан баспаналы боларын ешкім айта алмайды. Әзірге көп балалы отбасы сары контейнерде жан баға тұрады.
Жарылыстан соң қаланың шенді-шекпендісі дереу Қарабастау ауылына жетіпті. Тексере келгенде баспананың құжаты түгел емес екені анықталған. Енді шенеуніктер құжатымен көмектесуге, ал кәсіпкерлер көпбалалы отбасының үйін қайта тұрғызуға көмектесеміз деп уәде беріп отыр.
Сейдулла Ибишев, Шымкент қаласы Жұлдыз аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы:
- Бірінші, бұл толық бұзылады. Тазалауымыз керек. Одан кейін фундамент жарамды ма, соған қарап есеп шығарып, демеушілерге, сіз, қышына жәрдем бересіз, сіз тамына, сіз мынадаған деп бөлісіп аламыз деп келісті.
Ал төтенше жағдайлар департаменті сараптама тағайындап, тексерісті бастап кетті. Болжам бойынша жарылысқа техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған.
Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қалалық ТЖД бастығы:
- Себебі, үйдің егесінің айтуымен түнде газ баллонды, пропанды толық, 50 литр құйған. Суық жерден жылы үйге кіргенде концентрация болуы мүмкін.
Демеушілер сөзінде тұрса, көп балалы отбасы күзден қалмай жаңа үйге кіреді. Әйтпесе қарапайым жүргізуші болып жұмыс істейтін отағасы жаңа баспанаға тағы да жылдап қаржы жинайтын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!