Ақтөбеде 80-ге жуық бала вирустық диареямен ауруханаға түсті
Ақтөбеде айналдырған бір аптаның ішінде 80-ге жуық бала вирустық диарея дертімен ауруханаға түсті. Бөбегіне ем іздеп жәдел жәрдемге хабарласушылар көбейген. Мамандар балалардың көбі үйде емделіп жатқанын айтады.
Автор: Жаңалық Ахаш
08.01.2021
Рүстем Исаев, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бір жетінің ішінде облыстық клиникалық ауруханасына 79 бала шағым жасады. Соның ішінде бір жасқа дейінгі балалар – 17. Бір жастан жоғары балалар саны – 62. Әрине, басты клиникалық белгілері: іш кету, дене қызуы.
Дәрігерлер жаңажылдық мерекеден соң балалардың вирустық диарея дертімен көптеп ауратынын айтады. Сондықтан мұны маусымдық індеттің қатарына қосып отыр. Өйткені көптеген ата-ана баласының қолын қақпай, жаңа жылда қалаған дәмін жеуге рұқсат береді. Ал мейрамдатып жүріп тазалықты да ұмытатындар жетерлік. Асқазанына жүк түскен бүлдіршіннің одан соң іші өтіп, артынша ыстығы көтеріледі. Вирустық диареямен ауыратындар саны алдағы аптада азаяды деп болжанып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!