{metadescription}
Сайлау: Кабиналарға адамды жасырып тұратын шымылдық ілінбейді
Сайлау: Кабиналарға адамды жасырып тұратын шымылдық ілінбейді

Сайлау: Кабиналарға адамды жасырып тұратын шымылдық ілінбейді

Коронавирус індетіне байланысты сайлау учаскелерінде санитарлық талап күшейтілген. Әрбір тұрғын әлеуметтік қашықтық пен қауіпсіздік ережесін  қатаң сақтауы тиіс. Бетперде тақпаған дауыс беруші ішке жіберілмейді.

Тіпті сайлау комиссиясының өкілдері вирустың алдын алу мақсатында сайлаушыға өз қаламын ала келуге кеңес беріп жатыр. Ал таңдауыңды жасайтын жеке кабиналарға адамды жасырып тұратын шымылдық ілінбейді.

Саяси салмағын айтпағанда, бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек. Коронавирус қыспаққа алып, сақтық шаралары бірінші кезекке көтерілгенде әрбір тұрғынның қауіпсіздігі қымбат. Сол себепті таңғы 7-ден есігін айқара ашқан сайлау  учаскелерінде қарбалас басталғанымен жұртқа ең әуелі сақтық сақтау жолдары ескертіліп жатыр.

Жанна Асанова, Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы:

- Сайлау учаскесіне үлкен кісілер келеді, қауіпсіздік болу керек. Сайлау комиссиясының мүшелерінің арасында жасы үлкен адамдар бар. Денсаулығы аздап нашар азаматтар болуы мүмкін. Олардың да денсаулығын сақтау керек. Өйткені бұл індет бәріміздің басымызға туып жатқан нәрсе.

Көпшілік дауыс беруге асыққан мекенжайдың іші-сыртында әлеуметтік қашықтықты талап ететін белгілер жасалған. Барлығы бетперде, қолғап, антисептик секілді өзге де қорғаныш заттарымен қамтылған. Комиссия өкілдерінің айтуынша, қауіпсіздікке қажетті заттар тізбегі жеткілікті. Басты талап – бетперде тақпағандар ішке кіргізілмейді. Бірақ бетпердені ұмыт қалдырғандарға есік алдында бетперде тегін таратылады. Содан кейін тек дене қызуын өлшеткендер ғана дауыс беру залына беттейді. 

Егер сайлаушылар арасынан  дене қызуы әдеттегіден жоғарылар  анықталса, дауыс беру залына жіберілмейді. Алайда сайлаушының құқығы ескерілгендіктен, ол адам барлық санитарлық талап сақталған оқшаулау бөлмесіне өтеді. Бұл   жерде дәрігер оның денсаулығын бақылаған соң, дауыс беруші жеке бөлмеде отырып таңдауын жасай алады.

Комиссия мүшелері мен бақылаушылар жайғасқан залда үнемі ылғалды тазарту жұмысы атқарылады. Сайлаушылардың ешқайсынан ПТР-тест анықтамасы талап етілмейді. Бірақ сайлау процесіне қатысушылардың бәрі сынамадан өтуге міндеттелген. 

Роман Реймер, бақылаушы:

Негізі біздің қоғамдық ұйымның атынан бақылаушы болуға көпшілігі ниет білдірген. Бірақ ПТР-тест тапсыру талабы енгізілген соң бірен-сараны бас тартты. Кейбірі тіпті өз қалтасынан ақша шығарып сынама тапсырып жатты.

Жанна Асанова, Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы:

- Учаскеге кіріп жатқан адамдар, соның ішінде сайлау комиссиясының мүшелері дене қызуын өлшетеді. Егер дене қызуы жоғары болса, ешбір қатысушы, қайсысы болса да кіргізілмейді.

Сайлау учаскелерінде сақтықтың күшейтілгені соншалық, тіпті сайлаушыларға өз қаламын алып келуге кеңес беріледі. Оған мүмкіндік тумаса, еш қорқынышсыз ортақ қаламсапты қолданасыз. Себебі, әр адам кіріп-шыққан соң қаламның өзін арнайы сұйықтықпен сүртіп, заласыздандыру жүргізіледі.

Санитарлық талап басты назарға іліккен сайлаудың өзге де ерекешелігі жетерлік. Мәселен, осы жолы дауыс беру кабинасына кірген адамды жасырып тұратын шымылдық ілінбеген.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.