КВИ жұқтырғандар да дауыс беріп жатыр
Бүгінгі сайлауда коронавирус жұқтырып үй карантинінде немесе ауруханада жатқандар да дауыс беруде. Сайлау комиссиясының мүшелері сақтық шарасын сақтай отырып, дауыс беру жәшігімен ауруханаларды аралап жүр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
10.01.2021
Ал ковид жұқтырғандармен қарым-қатынаста болып карантинге түскендер мен өздігінен жүре алмайтын науқастарға дауыс беру жәшігі үйіне жеткізіліп жатыр.
Жамбыл облысында жалпы ковид жұқтырды деген күдікпен үй карантинінде 900-ден аса адам бар. 400-ден аса науқас ауруханада дауыс берді. Тараздағы барлық стационарда арнайы дауыс беру учаскесі қажетінше жабдықталған. Комиссия мүшелеріне қиындық туғызған жалғыз жағдай ковидтен қорғайтын арнайы киім кию болды.
Азат Сәтжанов, Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасының бас дәрігері:
- Комиссия мүшелері арнайы костюм киіп, қорғаныш шараларын қолдану арқылы сайлау ұйымдастыруда. Науқастардың конституциялық құқығын орындау үшін инфекциялық аурухананың, инфекциялық блоктың өзгешелігіне орай, науқастардың төсегінің қасында сайлау учаскесіне дауыс бере алады.
Ал жансақтау бөліміндегі дауыс берем деушілерге арнайы жәшік жатқан жеріне жеткізілді.
Аяжан Түпекова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Қазір біз ашық түрде өз дауысымызды бердік. Мен осы ауруханаға өте ауыр күйде түскенмін. Бірінші Алланың, екінші осы ақ халатты жандардың арқасында аман қалдым.
Қарағандыда таң атысымен барлық стационарларда дауыс беру науқаны ойдағыдай басталды. Санитарлық талап та қатаң. Мұнда ковидтен 307 адам емделіп жатыр. Науқастардың дауыс беруін қадағалауға бір ғана сайлау комиссиясының мүшесі кірді. Арнайы қорғаныш киімін киіп, бетперде таққан ол науқастарды дауыс беру ережесімен етене таныстырды.
Ауруханада дауыс бергендердің дені қарттар, ыстығы көтеріліп, әлсіреген науқастар. Ал төсектен тұра алмай жатқандарына сайлау жәшігі қол созым жерге жеткізілді. Науқастар дауыс бегеннен соң, бюллетень жәшігі 15 минут бойына кварцпен залалсыздандырылады.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Ақмола мен Павлодар облысы кеселдің таралуы жағынан «қызыл аймақта». «Сары аймаққа» Нұр-Сұлтан, Алматы Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстары кірген. Қалғандарының жағдайы жеңіл. Сөйте тұрса да Қарағанды облысында ковид жұқтырғандармен қатынаста болған 1200-ден астам адам үйінде қамалып отыр. Сайлау комиссиясындағылар кешке дейін ел бойынша осындай сан мыңдаған мекенжайды аралап шығуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!