{metadescription}
Сайлау бөлімшелері орналасқан мектептер жаппай дезинфекцияланып жатыр
Сайлау бөлімшелері орналасқан мектептер жаппай дезинфекцияланып жатыр

Сайлау бөлімшелері орналасқан мектептер жаппай дезинфекцияланып жатыр

Саяси науқан мәресіне жетіп сайлау учаскелеріндегі қарбалас аяқталғанымен, ұстаздар мен еден жуушыларға жұмыс енді басталғандай. Бүгін таңнан бастап сайлау бөлімшелері орналасқан мектептер дезинфекцияланып жатыр. Қысқы каникул аяқталып оқушылардың  тең жартысы 3-ші тоқсанды мектепте бастауы керек еді. Бірақ кей өңірлерде оқушылар сабақты кешігіп  бастайды.

Өйткені Көкшетау, Тараз, Ақтөбе қалаларында таңмен таласа тұрған  мұғалімдер мен еден жуушылар ғимарат ішін тазартып, арнайы ерітіндімен залалсыздандырып жатыр.  

Кешегі саяси додада Ақмола облысында 722 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Олардың барлығы дерлік мектептерде орналасты. Яғни бүгін   балалар мектеп  партасына отыруға тиіс ғимаратқа мыңдаған адам кіріп шықты.Енді сол сайлаушылардың артынан жуып,тазарту қарапайым мұғалім мен еден жуушыларға қалды.

Мәселен, 1600 оқушысы бар Көкшетаудағы «Экос» экологиялық гимназия-мектебінде екі сайлау учаскесі жұмыс істеді. Карантин кезінде дауыс беруге мұнда 2 мыңға жуық сайлаушы келген. Енді саяси науқаннан кейін мектепті оқу процесіне әзірлеу керек. Құрылған арнайы кабиналарды бұзып, стол орындықтарды сүртіп,  орнына апарудан басқа ғимарат ішін дезинфекциялау жұмысы да мұндағы мұғалімдер мен еден жуушыларға жүктелген. Өйткені ертеңнен бастап мектепке оқушылар келіп оқиды.

Жанар Рақымбекова, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Оқушыларды мектепке қабылдау үшін бәріміз жұмылып жинауға кірістік. Оның үстіне оқушылар қашықтан оқып жатыр. Негізінен 45 еден жуушы мен шаруашылық қызметкерлері арнайы ерітінді қосып залалсыздандыру үшін есік, терезелерді, еден жууға кірісті.

Көкшетаудағы мектептерді дезинфекциялауға тіпті санитар дәрігерлер де шықты. Олар сайлау учаскесі орналасқан мектептерді аралап залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Тараздағы мектептер де сайлаудан кейін жаппай дезинфекцияланып жатыр. Еден жуудан басқа дауыс беру кабиналары да арнайы сұйықтықпен сүртіліп қорапқа салынды. Сөйтіп ол келесі сайлауға дейін қоймада сақталады. Ал білім ошағындағы оқу процесі бір мезетке де үзілген жоқ.

Жанат Жексенбиева, Тараз қалалық №1 көпсалалы гимназиясының мұғалімі:

- Ертеңнен бастап кабинеттерде оқу жалғасады. Ал бүгін дезинфекция жүргізіліп жатыр. Оқу процесі бұзылған жоқ. Мектепте басқа есіктер бар, сол арқылы оқушылар карантин нормасын бұзбай келе алады.

Гүлнәз Сүлейменова, Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 263 мектепте бүгінгі таңда кеше сайлау біткеннен кейін барлық дезинфекция залалсыздандыру жүргізіліп жатыр. Жалпы қашықтан пандемия кезіндегі қашықтан оқу бізге балалардың оқу бағдарламаларын үзіліссіз оқуына үлкен септігін тигізіп тұр.

Ақтөбе облысында да  учаскелер орналасқан  400-ден аса мектепте сайлаудан соң түнімен залалсыздандыру жұмыстары жүрген. Сондықтан түстен кейін оқу басталып кетпек.Түске дейін оқушылардың тең жартысы қашықтан оқып жатыр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде