Қай партияның жақтаушылары қай өңірде көп?
Орталық сайлау комиссиясының сандары дайын. Қай партияның жақтаушылары қай өңірде көп? Саяси белсенділігі төмен қай аймақтар?
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
11.01.2021
Орталық сайлау комиссиясының алдын ала нәтижелері шықты. Мемлекеттік орган өңірлерден электронды түрде келіп түскен хаттамаларға сүйене отырып тізім жасапты. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Осының алдында Мәжілістің VI шақырылымында болған үш саяси партия: Nur Otan, Aq jol, Қазақстан халық партиясы қайта өтті. Олардың Төменгі палатадан алған орны да бес жыл, бұрынғыдай.
Ал биыл «Бірлік» деген атауын өзгерткен Adal партиясы мен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы жеті пайыздық межені еңсермеді. Сол себепті адалдықтар мен ауылдықтарды Парламенттен көре алмаймыз.
Сәбила Мұстафина, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:
- Парламенті мәжілісі депутаттарының сайлауында сайлаушылар дауыстары былайша бөлінді. Nur Otan партиясы 71,9 пайыз, Aq jol Қазақстанның демократиялық партиясы 10,95, Қазақстан халық партиясы 10,95 пайыз, Ауыл 5,29, Adal саяси партиясы 3,57 пайыз.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне зер салсақ, «Ауыл» партиясын ауылдағы ағайынға қарағанда, қаладағы жұрт жақсы қолдаған. Алматы, Маңғыстау, Түркістан облыстары және алматылықтар Adal партиясын таңдапты. Дауыс беру көрсеткіші бес пайыздан асады. Ал Қазақстан халық партиясына берген дауыс саны Алматы, Қызылорда, Түркістан өңірлерінде 5 пайыздан төмен. Aq jol партиясында орташа дауыс беру көрсеткіші 11 пайыздай. Nur Otan ең көп дауыс жинағанымен, партияны қос астана мен Маңғыстау аймағының халқы аса жақтамапты. Бірақ көп өңір партияға 70 пайыздай дауыс жинап берген.
Орталық сайлау комиссиясы нақты шешімін аймақтардан келетін хаттамалардың түпнұсқасы қолына тигенде ғана айтады. Ал бес жыл мерзімге сайланатын VII шақырылымдағы Парламент депутаттары 15-қаңтарда алғашқы отырысын бастайды. Президент бұған дейін жаңа шақырылым депутаттарының алдында сөз сөйлейтінін мәлімдеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!