Қалың қардан бірқатар өңірде комқызмет әбігерге түсіп, жолдар жабылды
Еліміздің бірқатар өңірін қалың қалың қар басып қалды. Бір түнде Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау мен Петропавл қалаларында қардың бір айлық қоры жауған. Бұл жағдай коммуналдық қызметке оңайға түскен жоқ.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
12.01.2021
Олар таңнан бері көшені ақ ұлпадан аршып үлгермей жатыр. Қар әлі де үсті- үстіне толастамай жауып тұр. Соның салдарынан жолдар жабылып, оқушылар қашықтан оқуға қайта көшті.
Түннен басталған ақ түтек боран әлі де ышқына соғып тұр. Қалың түскен қарда көлік түгілі жаяу жүргінші аяқ алып жүре алар емес. Қала сыртында жағдай тіпті қиындаған. Солтүстік өңірдегі республикалық маңызы бар автожолда көліктің барлық түріне қозғалыс шектелді.
Өйткені жолда көзге түрткісіз боран. Жолдар жабылып, сапарға шыққан көліктер кері қайтарылып жатыр. Нұр-Сұлтан - Көкшетау, Нұр-Сұлтан - Петропавл тас жолында қозғалыс тоқтатылды. Ауданаралық қатынас та үзілді. Жүргізушілер ғана емес, қала тұрғындарына оңай болып тұрған жоқ. Өйткені коммуналдық қызмет қаланы қардан тазартып үлгермей жатыр.
Даниэль Жұмажанов, «Қазгидромет» РМК Ақмола облысы филиалының бөлім басшысы:
- Өткен тәулікте Атлантика аумағынан келген циклонға байланысты өте ылғалды болды. Сондықтан қазір қар толастамай жауып жатыр. Ақмола облысының солтүстік бөлігінде кей жерлерде қалың қар жауды. Көкшетау қаласында бір айлық қар түсті.
Нұрсұлтан қаласында да қалың жауған қарды қатты соққан жел үрлеп боран көтерілді. Сақтық жасап екінші ауысымдағы оқушылар қашықтан оқуға көшті. Күнімен 2 мыңнан аса жұмысшы 900 арнайы техникамен қаланы қардан тазартып, оны сыртқа шығарумен әлек болып жатыр.
Жангелді Сейтмұратов, Шахтинск қаласының тұрғыны:
- Боран болатынын білсек, Қостанайдың пойызымен мініп кетер едік. Жолға бүгін шықтық, сағат өзі оннан кейін басталды ғой. Жол жабық деп жатыр, таксилер жүрмейді ау деймін.
Бұл Қарағандыда үйіне жете алмай жолда қалған жолаушылар. Мұнда да қатты боранның салдарынан Теміртау және Нұр-Сұлтанға шығатын тас жол жабылған. Ауа райының аса қолайсыз екенін тәртіп сақшылары да ел-жұртқа түсіндіруге тырысып жатыр. Қарағандылық полицей ақтүтетек боранда тұрып жүргізушілерге ескерту жасады.
- Ауа райы жағдайына байланысты шу болып жатыр. Қала шетіндегі тас жолға шықпауларыңызды өтінеміз. Ауа райының құбылып, қатты боран мен қалың қар жауғанына және жолдың нашар болуына байланысты...
Әсем Айтулова, Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
- Қиындық сол, күндіз қала көшесін қардан тазартып үлгере алмай жатыр. Бір уақытта 200 техника жолға шығаратын болсақ, онда кептеліс болады.
Бұл Петропавлдағы жағдай. Кептеліс болдырмау үшін қалың қарды 250 арнайы техника екі ауысыммен тазартуға көшкен. Күндіз жинап, түнде қарды сыртқа шығарады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!