Мәжіліске Nur Otan партиясынан 76 адам баратын болды
Жеті пайыз межеден жоғары дауыс жинаған үш партияның Мәжіліске жайғасатын мандаттарының мөлшері жарияланды. Сайлаушылардың ең көп дауысын иеленген Nur Otan депутаттарының саны 70-тен асып жығылады. Ал Aq jol-да – 12, Қазақстан халық партисы атынан 10 депутат Төменгі палатаға баратын болды.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
12.01.2021
Ресми мәліметке сәйкес, осы жолғы сайлауда дауыс беруге 12 миллионға жуық азаматтың құқы болған. Тек соның 63,25 пайызы немесе 7 жарым миллионнан астам қазақстандық партия таңдауына қатысқан екен.
Заң бойынша Орталық сайлау комиссиясы сайлаудан соң жеті күннің ішінде мандат көлемі бойынша қорытынды жариялауға міндетті. Ал Мәжіліске өту құқына ие болған партиялар 10 күн ішінде фракция тізімін ұсынады.
Константин Петров, ОСК төрағасының орынбасары:
- Демек бүгіннен бастап партиялар мандат тарату кезегін анықтауы тиіс. Егер белгіленген уақытта мандат тарату кезегі анықталмаса, Орталық сайлау комиссиясы тіркелген партиялық тізіммен мемлекеттік тілдегі алфавит тәртібімен мандат таратады. Осыған орай арнайы қаулы да қабылданады.
Қазақстан халық ассамблесының 9 депутатын айтпағанда, Nur Otan партиясынан 76, Aq jol-дан – 12, Қазақстан халық партиясынан 10 адам Мәжіліске баратын болды.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясы әр өңірден мәслихатқа өткен партиялардың мандат мөлшерін жариялады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатына да Мәжілістегідей үш партия ғана өткен.
Бақыт Бектемісова, Нұр-Сұлтан қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы:
- Қазақстанның халық партиясы 2 мандат, Nur Otan 26 мандат, Aq jol 3 мандат. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының сайлау қорытындылары мен мандат бөлу туралы хабарлама жарияланды және саяси партиялардың назарына жеткізілді.
Сайлаудан соң 10 күннің ішінде партиялар Мәжіліс және мәслихатқа ұсынатын мүшелерінің тізімін жариялауы тиіс. Оның үстіне жастар мен әйелдерге қатысты 30 пайыздық квотаны қамтуға міндетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!